Қостанай облысында жолды дұрыс күтіп ұстамаған 7 әкім жазаланды
Жарияланған күні:
Қостанай облысында тасжолдарды дұрыс күтіп ұстамаған жеті ауыл әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шенеуніктер 30 мың теңгеден астам айыппұл төлейді, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, полицейлер облыстағы 100-ден астам жолды тексеріп, 80-нен аса заңбұзушылықты тіркеген. Әсіресе шағын ауылдардағы көшелер тіпті қардан тазартылмаған.
Жолды қардан тазалау жұмыстары дер кезінде ұйымдастырылмағандықтан, ауыл тұрғындары бораннан кейін қар құрсауында қалып, ешқайда шыға алмаған. Одан бөлек, полиция жолдарды мұз басып жатқанын атап өтті, бұл да жол апатына жиі себеп болады дейді олар.
"Ауыл әкімдері сынды 7 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты Әкімшілік кодекстің 631-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды", - дейді Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Виталий Цой.
Сонымен қатар, облыс орталығының тұрғындары да көше тазалау жұмыстарының сапасыз жүргізілетініне шағымданған.
Жыл басынан бері қалалық әкімдікке қостанайлықтардан 800-ден астам шағым түскен. Тұрғындардың айтуынша, коммуналдық қызметтер тек жүретін жолды ғана тазалап қояды, ал қалған қар жол бойында тау болып үйіліп жатады.
"Шығарып тастау керек. Өйткені ол адамдардың да, көліктердің де жолдан өтуіне кедергі келтіреді", "Әрқашан осындай үйілген қар жатады, тіпті жедел жәрдем де өте алмайды. Жолды тазалағаннан кейін бірден алып тастау керек", - дейді қалалықтар.
Материал авторы: А. Рахманова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1955431-qostanai-oblysynda-zoldy-durys-kutip-ustamagan-7-akim-zazalandy/