Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Немен айналысып жүргенін ешкім білмейді": Сенатор деструктивті діни ағымдар мәселесін көтерді

Опубликовано:

Әли Бектаев
Әли Бектаев. Фото: senate.parlam.kz

Деструктивті діни ағымдармен күресудің нақты және қатал шараларын қабылдау қажет. Бұл туралы сенатор Әли Бектаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Биылғы жыл еліміз үшін күрделі ахуалмен басталды. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты бейбіт шеруін қылмыстық және деструктивті ағымдағы топтар өз мүдделеріне пайдаланып кетті. Арты трагедияға ұласып, жазықсыз жандар зардап шекті. Бұл оқиға халыққа да, билікке де үлкен сабақ болды", - деді Бектаев сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бұзақыларға ергендердің басым бөлігі жастар болғанын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, осының өзі жастар саясаты саласындағы олқылықтың бар екенін көрсетіп отыр.

"Сонда қай жерден қателестік? Осыған дейін жастар саясаты үшін бөлінген қаржы мен төгілген тердің нәтижесі қайда? Расымен, сол жұмыстың бәрі науқаншылыққа жол беріп, алаулатып-жалаулатып өткізген бір күндік шаралармен шектелгені ме? Ашығын айту керек, қасіретті қаңтар еліміздегі ұлттық идеологияның ақсап тұрғанын да анық көрсетті", - дейді Бектаев.

Сенатордың айтуынша, бар жауапкершілікті ата-анаға арта салу дұрыс емес. Себебі кейбір ата-ана үшін баласына бүтін киім мен ішер асын тауып беру, яғни, күнкөрістің өзі оңай емес. Ондайда балаңды отаншыл рухта тәрбиеле деп талап қоюдың өзі әбестік.

"Жыл басында болған оқиғаларға деструктивті діни ұйымдардың қатысы бар екендігі анықталып отыр. Қоғамда бірнеше жылдан бері айтылып, талқыланып келсе де, бұл мәселеге қатысты қатаң шешімдер қабылданбай келеді. Есесіне біздің дәстүрлі дінімізді, имамдарды, мемлекеттік құрылымдарды мойындай бермейтін, өзі де, сөзі де басқа, жүрісі де, тұрысы да бөлек адамдар көбейді. Олардың немен айналысып жүргенін ешкім білмейді. Тіпті, құзырлы органдардың өздері шарасыздық танытады", - деді Бектаев.

Сенатор діни ахуалды бақылауға алып, рұқсат етілмеген деструктивті діни ағымдармен күресудің нақты және қатал шараларын қабылдау қажеттігін жеткізді.

Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Бектаев жастар арасындағы жұмыссыздыққа қатысты жалған статистиканы жоюға үндеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1955506-olardyn-nemen-ainalysyp-zurgenin-eskim-bilmeidi-senator-destruktivti-dini-agymdar-maselesin-koterdi/

pixel