Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Едені шіріп, қабырғасын мүк басып, тозығы жеткен": СҚО-дағы мектептердің бірінен шу шықты

Жарияланған күні:

Оқу ордасы
Көрнекі фото: pxhere.com

Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында ата-аналар жергілікті мектептің жай-күйі мүшкіл екенін айтып, дабыл қақты. Кіші-Қараой ауылындағы Киев орта мектебінің қабырғасын сыз басып, мүк пайда болған. Одан бөлек, мектептің едендері де шіріп, санитарлық тораптың орнына шелектер қойылған. Бұл жағдайға қатысты аудандық білім бөлімі пікір білдірді, деп хабарлайды "Астана" телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Телеарна тілшілері Киев орта мектебіне барып, ғимараттың жай-күйімен танысып қайтқан. Айтуларынша, мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Білім ордасында 72 оқушы оқиды. Ал мектеп жанындағы шағын орталықта 15 бала тәрбиеленеді.

"Мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Ғимараттың тозығы жеткен. Мұны спорт зал, акт залы, мұғалімдердің және өзін-өзін тану кабинеттеріне қарап байқауға болады. Ол кабинеттердің төбесінен су ағып жатыр. Төбесі мен қабырғаларын мүк басып кеткен. Еден тақтайлары да шіріген", – дейді ауыл тұрғыны Әсел Молкоедова.

Телеарна ұсынған видеоға қарап, мектептің санитарлық торабы да жарамсыз күйде екенін топшылауға болады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жасалмағалы 40 жылдан асқан. Ал білім басқармасы жыл сайын мектептің шатырын жамап отырғандарын жеткізді. Олардың сөзіне сенсек, мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 250 млн теңге көлеміндегі қаражат керек.

"Бұған дейін мектеп шатырының осы түріне бір емес, бірнеше мәрте тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізгенбіз. Өкінішке қарай, бұның пайдасы болған жоқ. Былтыр жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік тексерістен өтті. Қазіргі уақытта мектептің жөндеу жұмыстарына қосымша қаражат сұрап, өтінім өткіздік.
Бұлай болмауы керек. Балалардың қауіпсіз жағдайда оқуы қажет екені түсінікті", – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Назир Жашибеков.

Аймақтың білім басқармасының айтуынша, соңғы үш жылда 14 млрд теңге көлеміндегі сомаға 302 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл 25 білім ғимаратын қайта түрлендіру жоспарланған.

Телеарнаның мәліметінше, еліміздің солтүстігінде ғана 39 оқу орны күрделі жөндеуді қажет етеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956143-edeni-sirigen-qabyrgasyn-muk-basqan-soltustik-qazaqstandagy-mektepterdin-birinen-su-syqty/