Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір аяғынан, өкпесінен айырылған": Жамбыл Жабаевтың шөбересі Алматыда туысының үйінде күнелтуде

Опубликовано:

Бекмұрат Жамбылов. Фото
Бекмұрат Жамбылов. Фото: YouTube/Уақыт көрсетеді

Жыр алыбы атанған, өткен жылы 175 жылдығы республика деңгейінде тойланған Жамбыл Жабаевтың шөбересі, 50 жастағы Бекмұрат Жамбылов бүгінде өлместің күнін кешіп жүр. Денсаулығы сыр беріп, отбасынан ажырап қалған ел ағасының басында баспана да жоқ. Бұл туралы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бағдарлама жүргізушісінің айтуынша, аңыз адамның ұрпағы қазіргі таңда ағайынның үйін паналауда. Қант диабетіне шалдыққан Бекмұраттың дерті асқынып, салдарынан ол аяғынан айырылған. Оған қоса, өкпесі де зақымданып, маңызды органның жартысын дәрігерлер отамен алып тастапты. Ал "қос жанарымның бірінен айырылғанда, бұл нағыз "жығылғанға жұдырық" боп тиді", дейді ел ағасы.

"Негізі ауырып жүргеніме 15 жылдай уақыт болды. 2007-2008 жылдары ауыра бастадым. Ал 2018 жылы дертім өршіп кетті. Негізі толық, 92 кг-ға дейін толған адам едім. Азып кеттім. 20 жылдан астам уақыт той басқардым. Жамбыл атамыздың термелерін айтатын едім. Сол тойда жүріп,өз-өзіме дұрыс қарамай, диета ұстамағаннан шығар", - дейді ол.

Бекмұрат - Жамбыл Жабаевтың немересі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, еңбек сіңірген әртісі Әлімқұл Жамбыловтың кенже ұлы. Ол да өзінің әкесі және атасы секілді жастайынан ән-күйге құмар, сөзге шешен болғанын айтады. Бертінге дейін той басқарып, ел алдында жүрген. Алайда оның некесі сәтсіз болып, ол былтыр тамыз айында жұбайы екеуі біржолата бөлек кетеді. Арадағы балалар да анасымен бірге кетіпті. Айтуынша, жолдасы қазірде өзге жанға тұрмысқа шығып үлгерген. Сондықтан, Бермұрат ағасының үйінде жалғыз өмір сүруде.

"Былтыр тамыз айында ол үйден жүгін алып кетті. Бір-бірімізбен жараспадық. Бірақ ол кісімен 11 жыл отасқан уақытта, бір де бір рет қол көтеріп көрмеппін. Ол кісі ЖОО-да сабақ береді. Балаларымның алды 11-де, кішісі 9-да", - дейді ол.

Бекмұраттың Жамбыловтың қазіргі бар арманы - баспаналы болу.

"Балаларыма мұра ретінде үй қалдырсам деймін. Баспанам жоқ. Қазір ағамның үйінде тұрып жүрмін. Жеңгем түсте келіп түскі асымды әзірлеп береді. Себебі мен мына балдақпен бара алмаймын. Көзім дұрыс көрмегендіктен, сүйемелсіз жүре де алмаймын. Қан көп кеткен ота кезінде, бір-екі жыл ішінде бес отадан өттім. Соның барлығының салдарынан гемоглобинім төмендеп, көзім қарауытып, құлап қалам", - деп өз жағдайын жеткізді Бекмұрат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956156-bir-ayagynan-okpesinen-aiyrylgan-zambyl-zabaevtyn-soberesi-almatyda-baspanasyz-kuneltuge-muskil/

pixel