Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Асып-тасыған бай емес": Нұрислам Санаев 31 млн теңге сыйақысын мұқтаж отбасыларға таратып берді

Опубликовано:

Нұрислам Санаев пен Дәурен Жабасов
Нұрислам Санаев пен Дәурен Жабасов. Фото: Жеке мұрағат

Олимпиада жүлдегері Нұрислам Санаев қола медаль алғаны үшін мемлекеттен бөлінген 31 миллион теңге сыйақысын 60-қа жуық мұқтаж жанұяға таратып берді. Спортшы көмек көрсеткендердің дені сал ауруына шалдыққан бала тәрбиелеп отырған отбасылар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы грек-рим еркін және әйелдер күресі федерациясының  вице-президенті Дәурен Жабасов спортшының қайырымдылық шарасына көмектескен.

Айтуынша, Нұрислам қол ұшын созу туралы мәлімдеме жасағаннан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүздеген адам көмек сұрап, қоңырау шалған.

"31 миллион теңге аз ақша емес. Бірақ бөлген кезде көлге түскен тамшыдай болатыны да рас. Қазіргі уақытта 55 адамға нақты көмек көрсетілді. Бір адамға жағдайына қарай 50 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін берілді.
Негізінен көмек көрсету кезінде басымдық сал ауруына шалдықан балаларға берілді. "Қиналып тұрмыз" деп көмек сұрағандар да өте көп болды. Қуанарлығы, олардың арасында ер адамдар болған жоқ", - дейді Дәурен Жабасов.

Спортшылар көмекке мұқтажбыз деген әр отбасының жағдайына талдау жасап, тұрмысымен танысқан.

"Көмек сұрағандар еліміздің барлық өңірінен болды. Ақтөбеден ғана хабарласқандар аз. Олар арнайы тізім арқылы іріктелді. Тұрмысы мен бізге жазған жағдайы сәйкес келмей жатқандар болды. Қатты мұқтаж емес дегендерді алып тастадық.

Ақтау, Орал, Түркістан, Нұр-Сұлтан қалаларынан хабарласқан отбасыларға күресте жүрген бауырларымыз барып, жағдайларын көзімен көріп келді.

Қазір шамалы ақша қалды. Нұрислам елге келгеннен кейін тағы 5-10 отбасыға көмек көрсетеміз. Мұның барлығын жария қылып шығармағанымызбен сыйақы қаржысының негізгі бөлігі берілді", - дейді Дәурен Жабасов.
Нұрислам Санаев пен Дәурен Жабасов. Фото
Нұрислам Санаев пен Дәурен Жабасов. Фото: Жеке мұрағат

Сонымен қатар, спортшының бастамасымен Бестамақтағы балалар үйіне бір миллион теңгеден аса қаржыға киім алынған. Мұқтаж отбасыларға 50-100 мың теңгеден көмек көрсетіліп, мүгедек бала тәрбиелеп отырған жандарға 350-500 мың теңгеден берілді.

"Оқ бойы озып шыққан чемпиондардың бәрі ауылдан және тұрмысы төмен, қарапайым отбасынан шыққан. Нұрисламның жетістігі көп балаға серпін берді. Оның өзі мұқтаждықты түсінетін, жоқшылықты көріп өскен бала. Қазір де асып-тасыған бай емес. Бір үйі бар.

Олимпиадаға кетерде достары машина мінгізді, келген кезде бір машина берді. Несиесін де Олимпиададан кейін жапты. Ол материалдық жағдайдан гөрі адами қасиеті жоғары қояды.

Үнемі біреудің жайын ойлап жүреді. Олимпиададан алған жүлдесін таратып беретінін естігенде мен өзім де қатты таңғалдым. Мен оны Алматы немесе Астанадан үй алады деп ойлаған едім", - дейді спортшының әріптесі де таңданысын жасырмай.

Айта кетейік, Нұрислам Санаев - Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Спортшы еркін күресте 57 келі салмақта бақ сынап жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956437-asyp-tasygan-bai-emes-nurislam-sanaev-31-mln-tenge-syiaqysyn-muqtaz-otbasylarga-taratyp-berdi/

pixel