"Өзім өлгенім жақсы еді": Рөлде отырып, үш бірдей жиенінен айырылған келіншек мұңын айтты
Жарияланған күні:
Павлодардағы қоныстандыру колониясында жазасын өтеп жатқан әйел өзінің қателігінен үш бірдей жиені қайтыс болғанын айтты. Оның сөзінше, ол жүргізуші куәлігін жол апатына түсерден бір апта бұрын ғана алған екен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Мадинаның сөзінше, қайғылы оқиға күні ол құрбысы және туыстарымен бірге Қостанайдан Рудныйға демалысқа бара жатқан. Ол тасжолға шығу керек болғандықтан рөлге отырғысы келмеген. Бірақ оны туыстары сабырға шақырып, жолда қолдау көрсететінін айтыпты.
Туыстарының бір бөлігі басқа көлікпен кеткен. Жолда олар жүк көлігін басып оза бастайды, олардың артынан жүргізуші куәлігін енді алған әйел де ерген.
Алайда олардың алдынан бір емес, үш көлік шығады. Оның жақындары көлікті бұрып үлгерген. Ал Мадина үрейленіп, көліктердің бірін соққан. Сондай-ақ, ол қарама-қарсы бағытта келе жатқан тағы бір жол талғамайтын көлікпен соқтығысқан.
Мадинаның көлігінде құрбысы мен үш жиені отырған екен. Ересектер көптеген жарақат алған, ал 14, 16 және 17 жастағы балалар жан тапсырған.
"Мен өмірімнің соңына дейін осы қайғымен өмір сүремін. Туыстарыммен қарым-қатынасымыз тоқтады. Олар үш баланың өліміне мені кінәлайды. Мен түсінемін, сол кезде өзім өлгенім жақсы болар еді. Жол қателіктерді кешірмейді. Бір сәтте менің бүкіл өмірімді бұзды және менің абайсыздығымнан үш адам қайтыс болды", - дейді сотталушы.
Мадинаның бір қызы бар. Ол да сол күні демалысқа бара жатқан, бірақ басқа көлікте отырыпты. Адам өліміне әкеп соқтырған жол апатынан кейін келіншек 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ, ол өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды.
"Бұл жағдай арқылы біз рөлге отырған әрбір адамға тек өз өмірі үшін ғана емес, әрбір әрекеті үшін жауап беретінін жеткізгіміз келді... Сақ әрі мұқият болыңыздар", - деді АП-162/2 мекемесі бастығының орынбасары Сұлтан Бакин.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956570-ozim-olgenim-zaqsy-edi-rolde-otyryp-us-birdei-zieninen-aiyrylgan-kelinsek-munyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.