БҚО-да шаруалар қасқырды тірідей жалаң қолмен ұстап алды (видео)
Жарияланған күні:
Батыс қазақстандық шаруалар қасқырды тірідей, жалаң қолмен ұстап алған. Қыстаққа жиі келгіштеген жыртқышты ауылдықтар ақыры қолға түсірген, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Телеарнаның дерегінше, түз тағысы шаруалардан айласын асырып, бір рет қашып құтылған. Бірақ соңынан қуған жігіттер көп ұзамай оны қолға түсіріп, байлап-матап қойған.
Дегенмен қасқырдың бұдан кейінгі тағдыры белгісіз.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, биыл 196 қасқырды аулауға рұқсат берілген.
Сондықтан шаруалардың әрекеті заңға қайшы емес. Әрі олардың аң аулауға рұқсаты бар болып шықты.
"Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар мен ауылдық округтердің аумағында қасқырлардың малға шабуыл жасауының бірнеше фактілері тіркеліп отыр. Осыған байланысты инспекциямен қасқырларды атуға рұқсат беріледі. Рұқсат құжаттарын eGov порталы арқылы алуға болады. Бүгінгі таңда инспекциямен қасқырды атуға сексеннен астам рұқсат құжаттары берілді", - дейді БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Арман Ізімғалиев.
Мамандардың айтуынша, жалпы Батыс Қазақстан облысында мыңға тарта қасқыр бар.
Материал авторы: Е. Карин
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956699-bqo-da-sarualar-qasqyrdy-tiridei-zalan-qolmen-ustap-aldy-video/