«Қазақтелеком» АҚ басшысының NUR.KZ-тегі бесінші онлайн-конференциясының қатысушылары рекордтық көрсеткішке жетті
Жарияланған күні:
«Қазақтелеком» АҚ басшысы Қуанышбек Есекеевпен өткен кезекті онлайн-конференция барысында NUR.KZ порталында оқырмандарымыздан түскен өтініштер мен сұрақтардың рекордтық саны тіркелді, сонымен қатар компанияның қызметтеріне қосылу мүмкіндіктеріне қызығушылық танытқан респонденттердің саны әдеттегіден асып түсті – бұл бағыттағы сұрақтардың саны жалпы өтініштердің үштен бірін құрады.
8-22 ақпан аралығында біздің ресурста «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының бесінші онлайн-конференциясы өтті: ең ірі байланыс операторының басшылығы мен қазақстандықтар арасындағы бұл байланыс форматы бүгінгі күні дәстүрге айналған, мұндай бірінші онлайн диалог 2020 жылдың көктемінде өткен болатын.
Содан бері байланыс операторының басшысы жылына екі рет осы құралды пайдаланып, өз абоненттері мен «Қазақтелекомның» қызметіне қосылғысы келетіндердің мәселелері туралы ақпарат жинап келеді. 2020 және 2021 жылдары Есекеев мырзаның төрт онлайн конференциясы өткізілді, мұнда барлығы 6 мың респондент қатысқан аудитория жиналды, яғни орта есеппен алғанда алдыңғы төрт онлайн конференцияның әрқайсысының аудиториясы бір жарым мыңнан астам респондентті құрады.
Ағымдағы екі апталық онлайн-диалог барысында компанияның басқарма төрағасына 1700-ге жуық өтініш келіп түскен. Қуанышбек Есекеевтің өзі форумға қатысушылардың барлығына компаниямен байланыс тұрғысынан белсенділік жыл сайын артып келе жатқаны үшін алғыс білдірді.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің жауаптары.
«Ұсынатын қызметтеріміздің сапасы, абоненттердің қанағаттану дәрежесі туралы әр клиентіміздің пікірін білу біз үшін өте маңызды, біз кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстардан бөлек, сыни ескертулерді де дұрыс қабылдаймыз. Бізге абоненттердің қосылу мүмкіндігін тез қарастыру және оны барынша жылдам жүзеге асыру үшін қызметтерімізді пайдаланғысы келетін адамдардан нақты сигналдар қажет», - дейді Қазақстанның ең ірі байланыс операторының басшысы.
NUR.KZ оқырмандарының «Қазақтелеком» қызметтеріне қосылу мүмкіндігі туралы сұрақтардан тұратын (сұрақтардың жалпы санының 15%) компанияның абоненттік базасын ұлғайту жоспарларына қызығушылығы, сондай-ақ телеком-операторының жаңа желілерін құру жоспарларына қызығушылығы (19%) рекордтық көрсеткішке жетті. Жалпы алғанда, бұл сұрақтар блогы ағымдағы өтініштердің жалпы көлемінің 34% үлесін алды, яғни үштен бірінен астамын құрады, бұны компания басшысы «Қазақтелекомның» инфрақұрылымдық құрылыс нарығындағы қызметімен байланыстырады.
«2018-2020 жылдары «Қазақтелеком» ауылдық жерлерде 14,5 мың шақырым талшықты-оптикалық магистраль салғанын, соның негізінде біз және серіктестеріміз, ұялы байланыс операторлары мен жеке қызмет көрсету компаниялары жаңа жергілікті желілер жүргізгенін бәріңіз жақсы білесіздер. Біздің қызметтерімізге қосылу мүмкіндігіне қызығушылық танытатын барлық оқырмандар үшін жақсы жаңалығым бар: биыл біз FWA бекітілген сымсыз қосылу желісін ауылдық жерлерде де, қалалардың жеке секторында да кеңінен қолдануды көздеп отырмыз, шыны керек, бұған дейін бұл аймақтарға кабель жүргізе алмадық. Ал биылғы жылы біз бұл мәселені шешуде өз мүмкіндіктерімізді күрт арттырамыз», — дейді Есекеев мырза.
Сонымен қатар байланыс операторы көрсететін қызметтердің сапасына қатысты сұрақтар 23%-ды құрады, бұл да рекордтық көрсеткіш: «Қазақтелеком» АҚ басқарма басшысының өткен жылғы күзгі конференциясында бұл тақырып сұрақтардың жалпы көлемінің 15%-ын құраған болатын. Есекеев мырза бұл өсімді компанияның қысқа мерзімде көптеген онлайн құралдар мен жаңа өнімдерді шығаруымен байланыстырады. Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл қызметтер мен өнімдер портал оқырмандарының сыни пікірлері мен ұсыныстарының көмегімен жетілдіріліп жатыр.
«Оқырмандардың конференция барысында айтқан әрбір сыни ескертуі бақылауға алынады. Мен бұл туралы конференция барысында айттым, аяқталғаннан кейін де айтамын: Біз үшін мұндай сигналдарды алу, кемшіліктерге қатысты тікелей ақпарат жинау өте өзекті, себебі осы арқылы қызметімізді жақсартудың тамаша мүмкіндігі туады. Сондықтан біз онлайн конференцияларымызды дәстүрлі түрде өткізіп отырамыз, әсіресе олар проблемаларды аймақтар бойынша бөліп қарауға мүмкіндік береді», - дейді Есекеев.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің жауаптары.
Өңірлік тұрғыда ағымдағы жылдың ақпан айында Алматы қаласының абоненттері ең белсенді болды – олар апта ішінде келіп түскен барлық өтініштер мен сұрақтардың 36%-ын құрады. Бұл конференцияға қатысушылардың бестен бірі (20%) орталық облыстардан, 18% - Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен болды. Өткен конференциядан бері компанияның қызмет көрсету сапасына қатысты сұрақтардың саны артқан болса, барлық аймақтарда қызмет көрсету сапасына қатысты қоңыраулар көлемі осы кезеңде 9%-дан 7%-ға дейін төмендеген.
«Менің ойымша, қызмет сапасына қатысты сауалдардың төмендеу себебі абоненттерге толықтай қашықтан, түрлі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы компаниямен өзара әрекеттесу мүмкіндігін беруімізден болып отыр. Адамдар бұдан былай кеңселерге барып, кезек күтіп уақыт жоғалтпайды, біздің онлайн арналарымыз тәулік бойы жұмыс істейді, яғни жазылушылар өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта бізбен байланысқа шыға алады және бұл құралдар нарықта неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым қызмет көрсету сапасына қатысты сұрақтар аз болады, өйткені біз компаниямен өзара әрекеттесуді бөлшек саудада да, бизнес сегментінде де тұтынушыларымызға барынша ыңғайлы ету үшін белсенді жұмыс істеуді жалғастырудамыз», - дейді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы.
Сонымен қатар, біздің оқырмандарымыздың 11%-ы өз өтініштерінде тарифтерді белгілеу мәселелерін көтерді, ал одан да аз – 10%-ы компанияның есептеулерімен тікелей келіспейтінін айтты. Бірақ бұл ретте 1700-ден астам респонденттің 4 пайызы ғана «Қазақтелеком» АҚ қызметінен бас тарту тақырыбын көтерген.
«Менің ойымша, ағымдағы онлайн-конференцияның нәтижелері біздің компания таңдаған жолдың дұрыстығын көрсетеді, ал ұсынылатын қызметтердің сапасына қатысты 23%-ды құрайтын сұрақтар біздің әлі де жұмыс істеуді қажет ететін тұстарымыз барын аңдатады», - дейді Есекеев мырза.
«Еліміздегі ең танымал интернет-ресурстардың бірінің оқырмандарына ағымдағы жылдың ақпан айындағы белсенділігі үшін алғыс айтқым келеді және компания респонденттердің көтерген мәселесін шешуге бар күш-жігерін салатынына сендіремін. Биылғы жылдың күзіне қарай осы форматта тағы да кездесу өткізетін болсақ, бұл мәселелердің көпшілігі шешіледі деп үміттенемін, бірақ соған қарамастан, мен онлайн кездесулеріміздің аудиториясының көбейетініне сенемін: «Қазақтелекомның» үлкен жоспарлары бар. Ағымдағы жыл үшін инфрақұрылымдық құрылыс, сондай-ақ өнімдеріміздің ассортиментін кеңейту бойынша біздің күш-жігерімізге объективті және бейтарап бағаны тек тұтынушылар, яғни сіздер, құрметті NUR.KZ порталының оқырмандары бере аласыздар. Біздің дәстүрлі сайтымызда тағы кездескенше» - деп түйіндеді ол.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің жауаптары.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1958544-qazaqtelekom-aq-bassysynyn-nurkz-tegi-besinsi-onlain-konferenciyasynyn-qatysusylary-rekordtyq-korsetkiske-zetti/