Каспий теңізінің әуе кеңістігінде неге ұшақтар саны күрт көбейіп кетті
Жарияланған күні:
Каспий теңізі маңындағы әуе кеңістігінде ұшақ санының артуы әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Бұл әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты. Еліміз арқылы ұшатын транзиттік рейстер күрт көбейсе де, аймақтық әуежайлар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды КТК.
Телеарна тілшілерінің сөзіне сенсек, диспетчерлер өздері үшін әдеттен тыс көп транзит ағынын игере алып жатыр. Мамандар бұл жағдайға байланысты дабыл қағуға негіз жоқ деп есептейді.
"Оқырмандар желідегі фотосуреттерді меңзеп отыр. Бұл әрбір ұшақ Ақтау әуежайына қонады деген сөз емес, олар тек біздің үстімізден ұшып өтеді.
Ал Ақтау әуежайының жұмысына қатысты айтарлықтай өзгеріс жоқ, бірақ әуе компаниялары бізден техникалық себептермен қонуға сұрануы мүмкін деп күтеміз. Біз оны "techstop" деп атаймыз. Мәселен, кейбір әуе кемелері жанармай толтыруға қонып, әрі қарай өз бағыты бойынша ұша алады", - деді Ақтау халықаралық әуежайы бас директорының міндетін атқарушы Меруерт Жолдыбаева.
Желіде Каспий теңізінің аспаны талқыға түсуде. Айта кетейік, кеше таңертең Маңғыстау әуе кеңістігі шетелдік ұшақтардың ретсіз қозғалысына ұқсап кетті.
Ақтау әуежайы қазір облыс аумағында ұшақ қозғалысының үш есе көп болғанын растап отыр. Алайда, мамандардың айтуынша, бұл әуежайдың жұмысына әсер етпеген.
Трафиктің артуы Украина жеріндегі әуе кеңістігінің толық жабылуы мен Ресей аумағының жартылай жабылуына байланысты. Қазір халықаралық әуе компаниялары басқа транзиттік дәліздерді іздестіруде, Каспий теңізінің үстінен ұшу – бұл мәселені шешудің бір нұсқасы.
Ақтөбе аспанына да қазір сұраныс жоғары, бірақ мұнда да қарбалас жоқ. Жергілікті әуежай қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда.
Ақтөбе облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр ұшақтарды қабылдау әуе айлағының жұмысына еш кедергі келтірмейтінін алға тартады.
Дереккөз: КТК
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Еуропадан Оңтүстік-Шығыс Азия, Үндістан және Парсы шығанағы елдеріне транзиттік рейстердің көпшілігі Еуропаның оңтүстігіндегі дәліз арқылы жүзеге асырылатынын айтқан болатын. Әуе ағынының бір бөлігі Қара теңіз аймағынан Қазақстан аумағына қарай бағытталған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1958789-kaspii-tenizinin-aue-kenistiginde-nege-usaqtar-sany-kurt-artyp-ketti/