Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шетелдік ұшақтар Ресей мен Украинаны айналып өтуде: Қазақстан аспанында не болып жатыр

Опубликовано:

Ұшақ
Көрнекі фото: piqsels.com

Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс салдарынан кейбір әуе компаниялары бағытын өзгерткен. Осыған байланысты Азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаев Қазақстан аспанында не болып жатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, қазір әуе кемелері Қазақстан арқылы ұшуда. Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Еуропадан келетін рейстердің артуы себепті елімізге 1,5 миллион доллар қосымша пайда келгені туралы хабарлаған.

Азаматтық авиация комитеті басшысы Талғат Ластаев тілшімізге еліміздің аспанындағы жағдайды баяндап берді.

Қазақстан арқылы ұшатын шетелдік ұшақтардың көбеюі Украинадағы жағдай мен олардың Ресей арқылы ұшудан бас тартуына байланысты ма?

– Украинаның әуе кеңістігінде, одан кейін Беларусьтің бір бөлігінде ұшуға тыйым салынғанына байланысты бірқатар шетелдік компания оңтүстікке қарай, оның ішінде Қазақстан арқылы да ұша бастады.

Осы оқиғалар басталғаннан бері бізде әуе қозғалысының қарқындылығы 3,5-4 есеге артты. Әсіресе батыста – Маңғыстау облысында жиіледі.

Одан соң еуропалық мемлекеттер бірінен соң бірі ұшуға тыйым сала бастады және Ресей де оған қарама-қарсы шараларын енгізді. Шетелдік компаниялар ағынының бір бөлігі Ресейден айналып ұша бастады. Ал Оңтүстік-Шығыс Азия, Үндістан, Катар әуекомпаниялары туралы айтар болсақ, олар Ресей аумағы арқылы еркін ұшады, оларға шектеу қойылмаған.

– Бұл жағдайда Қазақстан қаншалықты ұтады?

– Ұшудың жалпы санын қарасақ, біз ештеңе ұтқан жоқпыз, шамалы өсім бар – өйткені, бір жағынан кейбір шетелдік компаниялар Ресейдің үстінен ұша алмағандықтан, Қазақстанды да айналып өтеді. Екінші жағынан, дәл сол себепті олар оңтүстікке қарай ұшып, Ресейдің орнына Қазақстан аумағы арқылы ұшады. Іс жүзінде тепе-теңдік сақталып тұр.

– Бұрын-соңды Қазақстанның үстінен ұшпаған, бірақ қазір бағытын өзгерткен әуе компаниялары бар ма?

– Мысалы Малайзияның Malaysia Airlines әуе компаниясы өз рейстерін біз арқылы жүзеге асыруда. EVA Air – Тайвань, Jet Airways – Үндістан, Biman Bangladesh Airlines – Бангладеш. Бұл шектеулерге байланысты бағытын өзгерткен компаниялар.

Негізінде, еуропалық компаниялар да біздің әуе кеңістікті пайдаланады, тек рейстер айтарлықтай жиі емес еді. Ол баратын жеріне байланысты. Оңтүстік-Шығыс Азия және одан әрі оңтүстікке қарай болса, онда оңтүстік бағыт бойынша ұшқан тиімдірек. Егер Жапония немесе Finnair туралы айтатын болсақ, олар солтүстікке қарай, Солтүстік Мұзды мұхит арқылы ұшады.

– Қазір күніне қанша ұшаққа қызмет көрсетіледі? Әдеттегіден көп пе?

- Пандемияны және тағы басқа жағдайларды ескере отырып, шамамен күніне 150-200 рейс орындалып жүрді. 24 ақпанда Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы ұшуды жоспарламаған 257 рейс орындалды. Жалпы Қазақстан арқылы күніне 600 рейс өтеді. Бастапқыда Украина және Беларусьтің бір бөлігінде ұшуға тыйым салынған болатын.

– Қазақстан аумағы арқылы ұшқаны үшін қандай алым алынады?

– Орташа алғанда, төлем ұшақтың параметрлеріне байланысты. Ең алдымен, ұшу салмағына қатысты. Ұшақ неғұрлым ауыр болса, төлем соғұрлым жоғары болады. Орташа жол жүру құны 100 км үшін 80 доллардан 100 долларға дейін. Бұл төлем басқа елдермен, соның ішінде ТМД елдерімен салыстырғанда өте төмен. Бұл жайт әуе компанияларын Қазақстан арқылы ұшуға ынталандырады.

– Қазақстандық әуе диспетчерлері мұндай ағынға дайын ба?

- Дайын. Біздің әуе қозғалысын "Қазаэронавигация" басқарады, инфрақұрылым мен персонал кез келген жағдайға дайын. Болған жағдай барлық рейстерге ешқандай ақаусыз, тұрақты түрде қызмет көрсете алатынын дәлелдеді.

– Қазақстан аумағы бойынша ұшу туралы келісулер қаншалықты жылдам реттеледі?

– Регламентке сәйкес, компания ұшуға өтінімді алдын ала береді, оны өңдеуге 72 сағат белгіленген, бұл әлдеқайда жылдам. Қонатын және қонбайтын рейстер бар.

Егер қонбайтын, яғни жоғарғы әуе кеңістігінде ұшатын болса, олар іс жүзінде хабарландыру тәртібімен ұша алады, авиакомпания "Қазаэронавигацияға" ұшу жоспарын жібереді, бірқатар талаптар қойылады, оның ішінде навигациялық қызметтерге ақы төлеу де бар. Ешқандай сұрақ тумаса, келісім тез шығарылады.

Егер қонатын ұшақ болса, әуежайдағы ұяшықтарды растау қажет, егер ол жанармай құю үшін техникалық қону болса, әуежай бұл уақытта слоттың расталғанын хабарлайды, бұл ұшақты қабылдау және шығару уақыты болып саналады, содан кейін рұқсат беріледі.

– Қазақстан арқылы ұшу көбейсе, әуежай кірісі қалай өседі?

– Біздің халықаралық рейстерді жүзеге асыратын негізгі хабтар – Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтау.

Қазір Қазақстан арқылы ұшу көбейді деп біржақты айту мүмкін емес. Бір жерде көбейіп жатыр, бір жерде басқа шектеулерге байланысты азаюы мүмкін. Сондықтан жағдайдың қалай өрбігеніне қарай, бір айдың ішінде бұл жайттың қаншалықты әсер еткенін бағалай алатын шығармыз.

– Диспетчер-қызметкерлер санын көбейттіңіздер ме? Олардың жалақысы көтерілді ме?

- Жалақы үнемі индекстеледі, өйткені есептік көрсеткіш өсу үстінде және тағы басқа жағдайлар бар, бұл тұрақты процесс. Бір реттік өсімге келетін болсақ, барлығы әдеттегідей жұмыс істеп тұр, қарбалас жағдай жоқ. Ауысымдар саны көбейген жоқ.

Біздің навигация жүйеміздің қуаты жеткілікті, сондықтан бұл тұрғыдан ешқандай қосымша жүктеме сезілмейді.

– Әуе тасымалы ағынының өсімі тоқтамауы үшін не істеу керек?

– Ұшу көбейген кезде тапшылық болмас үшін авиациялық жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесін тұрақтандыру қажет. Транзакциялармен жұмыс тоқтап қалмауы керек, әуежай қызметтері үшін төлемге, навигация үшін төлемге қатысты бірқатар мәселелер ұшудың тиімділігіне де нұқсан келтіруі мүмкін.

Бізде техникалық орталықтар бар. Біз оларды шетелдік компаниялар техникалық қызмет алу үшін пайдаланса дейміз.

Бізге рейс санын көбейту керек. Басқа елдермен келісімдерде резервіміз бар. Біз Германияға, Еуропаға, Ұлыбританияға және басқа елдерге рейстер санын көбейте аламыз. Ол үшін бізде заңдық база бар, қосымша келіссөздер жүргізудің қажеті жоқ.

12 әуежайда ашық аспан режимі енгізілді, біз бұл режимді пандемия аяқталған соң да жалғастырғымыз келеді, өйткені бұл авиакомпанияларға біздің әуежайларға қосымша рәсімдерсіз ұшып келуге мүмкіндік береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1959011-seteldik-usaqtar-resei-men-ukrainany-ainalyp-otude-qazaqstan-aspanynda-ne-bolyp-zatyr/

pixel