Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бауырыма ор қазам деп, өзім түстім": Павлодар тұрғыны ағасына кек сақтағаны үшін жазасын өтеп жатыр

Опубликовано:

Көрнекі сурет
фото: pixabay.com

Павлодар облысында ағасынан кек алмақ болған ер адам түрмеге түсті. Бала күнінен нашар тәртібімен танылған ол бүгінде АП-162/3 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген сотталушы бостандықтың қадірін білмей, туған бауырына жала жапқаны үшін өкінетінін айтты.

Артем 36 жаста. Олар ағасымен бірге қарапайым отбасында тәрбиеленеді. Анасы аспаз, әкесі механик болып жұмыс істеген. Артем бала күнінен бұзықтығымен көзге түссе, ағасы мектепті үздік аяқтап, ЖОО-да білім алып, өзінің сүйікті ісімен айналысады.

"Жастайымнын ащы суға құмарлығым, мектепте сабақты дұрыс оқымағаным мені осындай күйге жеткізді деп ойлаймын. Ішімдікке қатты салынғаным сонша, үйдегі заттарды сатып, ағамнан ақша ұрлай бастадым. Сондай күндердің бірінде ағам ұрлығымның үстінен түсті. Мен одан ішімдікке ақша сұрадым, ол шаршағанын айтып, ештеңе берген жоқ.

Осы кезде ағама кек сақтап, үстінен полицияға арыз жаздым. "Өтіріктің арты бір тұтам" емес пе? Олар менің жалған ақпарат бергенімді дереу ұғып, шартты түрде соттады. Өзімнің қателігімді осында түскен соң ұқтым. Туғаныма ор қазам деп, өзім түстім. Мен қанша сатқындық жасасам да, ағам жағдайымды сұрап, сәлемдемелер жіберіп тұрады. Әрбір сәлемдеме алған сайын көзіме жас келеді", - дейді павлодарлық сотталушы.

Мекеме басшысы әлеуметтік байланыстарды қолдау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатқанын айтады.

"Сотталушы ағасымен бейне қоңырау арқылы сөйлесіп тұрады. Қарым-қатынастары жақсарды. Қазір сотталған адам бостандыққа шығып, жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр", - дейді мекеме басшысы Қуаныш Қойшыбаев.

Артемның айтуынша, ол жақсы жұмыс тауып, үйленіп, отбасы құруды армандайды. Ол көпшілікті өзінің қателігін қайталамауға шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1959660-bauyryma-or-qazam-dep-ozim-tustim-pavlodar-turgyny-agasyna-kek-saqtagany-usin-zazasyn-otep-zatyr/

pixel