Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жыл басы деу керек": Белгілі этнолог 14 наурызда батыс өңірде тойланатын "Көрісу күнінің" атауына қарсы шықты

Опубликовано:

Наурыз мерекесі
Көрнекі фото: almaty.tv

Наурыз мейрамын 10 жылдан астам уақыт зерттеп, оны тойлауға байланысты ғылыми негізделген тұжырымдама ұсынған мәдениеттанушы Серік Ерғали KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында мейрамның атрибуты саналатын көрісу туралы қоғамда қалыптасқан жаңсақ пікірге түсініктеме берді.

Серік Ерғали еліміздің батыс өңірінде 14 наурызда тойланып жүрген жыл басын "Көрісу күні", "Амал (Қамал) күні" деп атау дұрыс емес дейді.

"Қазақ тарихында, этнографиясында Көрісу күні деген жоқ, көрісу ғұрпы бар. Көрісу қазақта екі жағдайда болады. Біреуі - туысы қаза тапқан кезде бір-бірімен көрісіп, құшақтасып жылайды. Екіншісі - мүшелдік жаңа жылдың кіруіне байланысты көрісу ғұрпы.

Ғұрып деген - ритуал, жоралғы. Көрісу Григориан күнтізбесі бойынша 14 наурызда кіреді. Ескі Юлиан күнтізбесіне сай 1 наурызда кіреді. Көрісу барлық қазаққа тән. Әсіресе батыс өңірінде сақталған. Қарақалпақтарда да бар. Шығыс өңірде де, оңтүстікте де болған.

Абайдың "Жазғытұры" өлеңінде:

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, - дейді.

Демек сол кезде шығыста да көріскен.

Мәселе - қазіргі қазақтардың ұмытып қалғандығында. Кеңес үкіметі 70 жылда талай нәрсені ұмыттырды", - дейді наурызтанушы ғалым.

Серік Ерғали көпшіліктен ғұрып пен күнді шатастырмауды сұрайды.

"Мысалы тұсаукесер - ғұрып. "Тұсаукесер күні" деген жоқ. Сыңсу деген ғұрып, бірақ сыңситын күн жоқ. Қыз ұзатады. Күнтізбелік жаңа жылда шыршаның шамын жағады. "Шам жағу күні" жоқ, бірақ ондай ғұрып бар.

Жалпы қазақ халқы үшін жаңа жыл 14 наурызда кіреді. Оны қарсы алу ғұрпы көрісу деп аталған, әлі де солай. 1988 жылы Колбин елді басқарған кезде сол кездегі зиялы қауыммен ақылдасып, наурызды ресми түрде 21-22 наурызда тойлау туралы шешім қабылданыпты.

Сөйтіп Наурыз мейрамы наурыз айының 21-22-сіне көшіп кетті. Содан кейін 14 наурызды "бұл қандай мереке?" деп сұрағандарға жауап ретінде бірдеңе деп атау керек болды. Қазір "Амал, Көрісу күні" дейді. Бұны Көрісу күні деп шығарып жүрген соңғы 20 жылдықта туып-өскен жастар. Олар бұның ар жағын білмейді. Көрісу ғұрпы бар, Көрісу күні деген мереке жоқ. Ол күн көрісу мерекесі емес, ол күн - қазақтың жылының басы. Жылбасы, наурызбасы деп аталу керек. Бұл - көктемнің бірінші күні", - дейді мәдениеттанушы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1960594-zyl-basy-deu-kerek-belgili-etnolog-14-nauryzda-batys-onirde-toilanatyn-korisu-kuninin-atauyna-qarsy-syqty/

pixel