Қазақстан БҰҰ-ның әйелдер жағдайы жөніндегі сессиясына қатысуда
Жарияланған күні:
2022 жылғы 14 наурызда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде БҰҰ-ның әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының 66-шы сессиясы жұмысын ашты. Күн тәртібінің басты тақырыбы – климаттың өзгеруі, қоршаған орта және апат қаупін азайту саласындағы саясат пен бағдарламалар контексінде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту.
Қазақстан делегациясын ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова басқарды.
Ол 66-шы сессия аясында "Әйелдер дауысы және оларды ұйымдастыру: климаттың өзгеруі, қоршаған орта және апаттар қаупін азайту саласындағы саясат пен бағдарламалар мән-мәтінінде әйелдердің толық құқықты, тең және маңызды қатысуын қамтамасыз ету және шешімдер қабылдау ісіндегі озық тәжірибе" тақырыбында министрлік дөңгелек үстелінің отырысында сөз сөйледі.
Лаззат Рамазанова климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша Қазақстанның қабылдап жатқан шаралары туралы хабарлады. Бүгінде елімізде "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығын төмендетудің ұзақ мерзімді стратегиясын жариялады.
"Қазақстан – 2030 жылға дейін парниктік газдарды 15% - ға сөзсіз төмендетудің ерікті міндеттемесін ратификациялаған алғашқы мемлекеттердің бірі, сондай-ақ біздің еліміз БҰҰ-ның климат жөніндегі 26-Саммитінің қорытындысы бойынша Глазго Климаттық пактісін ұстанады. Аталған стратегиялық құжаттарды іске асыруда әйелдердің белсенді қатысуы маңызды. Гендерлік тепе-теңдіктің болуы, әйелдердің бастамашыл және қағидатты ұстанымы, экологиялық тәуекелдерді азайтуға ықпал ететін мемлекеттік шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Ұлттық комиссия басшысы.
Сондай-ақ, сессия ашылған күні Лаззат Рамазанова БҰҰ Бас хатшысының жастар мәселелері жөніндегі Уәкілі Д.Викраманаякемен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында Ұлттық комиссия төрайымы Қазақстанның мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарын атап өтті. Өз кезегінде Викраманаяке ханым Қазақстанның жас көшбасшыларын БҰҰ "Тұрақты даму мақсаттары үшін жас көшбасшылар" бағдарламасына қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, сессия аясында түрік тарапының бастамасы бойынша Түркияның отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі Дерья Яникпен екіжақты кездесу өтті. Тараптар вирустық кезеңнен кейінгі жаһандық өзгерістер кезеңінде отбасыларды қолдаудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ әйелдер кооперациясы шеңберіндегі екі елдің ынтымақтастығының перспективаларын талқылады.
Сессия аясында Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға мүше болуының 30 жылдығына орай "БҰҰ-Қазақстан: гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша ынтымақтастыққа 30 жыл" атты фотокөрме ұйымдастырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1960750-qazaqstan-buu-nyn-aielder-zagdaiy-zonindegi-sessiyasyna-qatysuda/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.