Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аз қалды": Тоғжанов елімізде маска режимі қашан алынатынын айтты

Опубликовано:

Коронавирус
Көрнекі фото: pixabay.com

Премьер-министрдің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Ералы Тоғжанов елде коронавирусқа байланысты енгізілген маска режимінен қашан толықтай бас тартуға болатынын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Вице-премьердің сөзінше, бүгінде елімізде жағдай тұрақты.

"Коронавирус бүгінде толықтай бақылауда. Қазіргі таңда Қазақстанда коронавируспен ауырғандар санының өсуіне қатысты алаңдаушылық жоқ деп айтуға болады. Сондықтан біз барынша талаптарды (карантиндік - ред.) жеңілдету туралы шешім қабылдадық", - дейді ол.

Дегенмен, Ералы Тоғжановтың сөзінше, әзірге маска режимінен толықтай бас тарту мәселесі қарастырылып отырған жоқ.

"Біз көшеде маска тағып жүруді алып тастау туралы шешім қабылдадық. Ал ғимараттарға келсек, бүгінде басқа да эпидемиологиялық аурулардың, соның ішінде тұмаудың таралуына байланысты әзірге бұл шешімнен (маска тағуды алып тастау - ред.) бас тарттық. Сол себепті әзірге ғимараттарда медициналық маскаларды тағудан бас тартпауға кеңес беріледі.

Алдағы барлық мерекелік шараны, соның ішінде Наурызды ескерсек, бұл өте орынды деп санаймын. Осыдан кейін тағы да байқап, нақты шараларға көшеміз деген ойдамын.

Дегенмен, жекелеген мемлекеттерде, соның ішінде көршілес елдерде де белгілі бір өсім бар... Біз өзге елдерден оқшау тұрған жоқпыз ғой. Сондықтан біз халықаралық жағдайды да ескеруіміз қажет: 30-дан астам елде бүгінде коронавирус жұқтырғандардың белгілі бір өсімі байқалады", - дейді Ералы Тоғжанов.

Осыған байланысты ол азаматтарды ғимараттарда маска тағуға шақырды.

"Мен барлығына сабырлы болуға кеңес беремін, аз қалды. Шыдамдылық танытайық. Әзірге біз ешқандай шектеу шараларын енгізуді жоспарлап отырған жоқпыз. Керісінше, біз барлық жағдайларды ескере отырып, бизнес үшін барынша жағдай жасадық.

Бизнестің жұмысы алға басу керек. Шекарада белгілі бір мәселелер бар. Ең алдымен, бұл Қытайда коронавирус жұқтырғандар санының көбеюіне байланысты. Мәселе маңызды екені даусыз және біз бұған талдау жасаймыз", - дейді вице-премьер.

Сонымен қатар, Ashyq-ты алып тастау туралы сөз қозғай келе Ералы Тоғжанов азаматтарымыз мейрамханалар, кафелер мен кинотеатрларға емін-еркін бара алатынын атап өтті.

"Бұл жалпы алғанда, маңызды жайт деп ойлаймын. Біз бұл жағдайдан ұзақ уақыт шыға алмадық. Сол себепті бұл жақсы шешім деп есептеймін", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1960778-az-qaldy-togzanov-elimizde-maska-rezimi-qasan-alynatynyn-aitty/