Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

22 жыл бойы "жыртық үйде" тұрған кейуана мен қызы жаңа баспанаға көшіп, қоныс той жасады

Опубликовано:

Мейрамкүл мен анасының қоныс тойы
скриншот: instagram.com/gulmir_ktk/

Әлеуметтік желіде "Просто Мария" атымен танылған балқаштық Мейрамкүл мен оның қарт анасы баспаналы болды. 22 жыл бойы жыртық лашықты паналап келген кейуана мен қызы өздеріне көмек көрсеткен барша қайырымды жанға алғыс айтуда, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мейрамкүл мен анасының жағдайын халыққа алғаш болып журналист Гүлмира Әбіқай жеткізген болатын.

Базардағы сатушылардың бірі Мейрамкүлдің ақыл-есінде ақау барын пайдаланып, оның видеосын әлеуметтік желіге таратып жіберген. Видеода Мейрамкүл 90-жылдардың ортасындағы танымал телехикая "Просто Марияны" қайтадан көргісі келетіні айтып, тіпті, президенттен көмек сұраған.

Көпшілікке күлкілі көрінгенімен, бұл оны жақыннан білетін адамдар үшін оңай болмады. Себебі, Мейрамкүл мүгедектігі үшін жәрдемақы алады, ал анасы 20 жылдан бері көшеде қайыр сұрап келген.

Алғашында Гүлмира Әбіқай көтерген мәселеге еріктілер де қосылып, Мейрамкүлге сүйікті сериалын көру үшін ұялы телефон алып берген. Кейін олардың 22 жылдан бері жылуы да, жарығы да жоқ үйде тұрып жатқанын көріп, көпшілікпен бірге үй алып беруді ойластырады.

"Балқаш маңындағы балықшылар қоныстанған Шашубай кентіндегі Мейрамкүл мен анасының өмірінен бәріңіз хабардарсыздар. Елеусіз өткен қос бейне. 22 жыл бойы жыртық үйді паналады. Осы жылдар ішінде не тоя тамақ жемеді, не үстеріне іліп алар киім кимеді, тіпті, 22 жыл монша көрмеген қос бейбақ.

Анасының зейнетақысы 19 мың, туғалы ақыл-есі кем Мейрамкүл мүгедектік алады. Екеуі табыстарын әупірімдеп жеткізуге тырысады. Арқа аязы қатты, қысы ұзақ. Отын-су, көмірге апамыз 20 жыл бойы орталық базар алдында қайыр тілеп қор жиған. Енді бұл өмірдің бәрі артта қалды.

Ары қарай қос бейбақтың өмірі қалай өзгерді сіздердің көз алдыңызда өтті. Қайырымдылықты бастаған Сұлтанбай бауырымызды қолдаған ел-жұртқа рахмет. Менің оқырманыма ерекше алғыс. Жергілікті балықшылар да, әкімдік те, балқаштық еріктілер де атсалысты. Сонымен қала орталығынан 2 бөлмелі кең пәтер бұйырды.

Ыстық-суық суы ішінде, жайлы, жылы. Пәтер ішіне толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді: кәріз, су құбырлары жаңартылып, жылу батареялары, электр құралдары ауысты. Дүние-мүлкін түгел жаңартып, ыдыстарын жылтыратып, ақ сейсептерін қаттап алып қойдық. Тоңазытқышқа сыйғанша жылқы етін, қазы-қартасын қосып толтырып қойдық.

Енді Мейрамкүл мен анасы қалған ғұмырын адамша өмір сүріп, аман болсын", - деп жазды журналист Гүлмира Әбіқай.

Айта кетелік, бұған дейін еріктілер Мейрамкүл мен анасының тісін емдетіп, моншаға апарып, жаңа киімдер сатып әперген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1960819-bari-artta-qaldy-22-zyl-boiy-zyrtyq-uide-turgan-keiuana-men-qyzy-zana-baspanga-kosip-qonys-toiy-zasady-video/

pixel