"Айтуға қорықтым": Шымкентте ер адам өгей қызын зорлағаны үшін 20 жылға сотталды
Жарияланған күні:
Қазақстандық келіншек күйеуінің өгей қызын зорлап жүргенін біліп, Түркістан облысындағы ауылдан Шымкентке қашып кеткен. Олар ер адамның кінәсін дәлелдеп шықты. Айыпталушы 20 жылға түрмеге жабылды, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Ақтолқын 29 жасында тұрмысқа шығып, бір қызды дүниеге әкелген. Ал төрт жылдан кейін күйеуі жол апатынан қайтыс болған.
Арада 8 жыл өткен соң баласы әкесіз өспеуі үшін ол Түркістан облысы Шаян ауылының тұрғынына екінші рет тұрмысқа шығыпты.
"Мен оны өз баласындай жақсы көреді деп ойладым. Бірақ бәрі олай болмады. Бірде дүкенге барып келсем, қызым үнсіз, көңіл-күйсіз отыр. Мен не болғанын сұрадым, ол үндемейді. Ал жаңа жылдың алдында жолдасым екеуміз оның сыныптастарына отырысқа бардық. Ол ішіп келіп, үйде жалғастырды.
Осыдан кейін ол менің қызымды қорлай бастады. Мен оны қорғадым, ол мені ұрып, басымды қабырғаға соқты. Оянғанда оның қызыма не істегенін түсіндім", – дейді Ақтолқын.
Осы оқиғадан кейін жұмыссыз әке Ақтолқынның атынан алты несие рәсімдеген. Ұрып-соғуын жалғастырып, үйден шығармай қойған.
Ал қызына өгей әкесі үнемі қол көтерген. Әйел полицияға хабарласуға тырысқанымен бәрі нәтиже бермегенін айтады. Қолайлы сәт туғанда Ақтолқын қызымен бірге туыстарына қашып кетеді.
"Шымкентте тұратын ағама келдім. Қызым екеумізге не болғанын айтуға қорықтым. Ағама күйеуім маған алты несие рәсімдеп, төлемегенін айттым. Осыдан кейін мен бірден осы дағдарыс орталығына келдім. Олар маған арыз жазғызып, бұрынғы күйеуімді 20 жыл темір торға отырғызуға көмектесті", – дейді Ақтолқын.
Дағдарыс орталығының директоры Малика Жүсіпованың айтуынша, ер адамды түрмеге отырғызу үшін әділдікке жету оңай болмапты.
"Процесс өте ұзаққа созылды, жүйке тозды. Көптеген түсініспеушілік болды, олар істі жабуға тырысты. Бірақ жақсы заңгердің арқасында ол 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алғашында сот-медициналық сараптамадан бас тартты. Бізге нақты мәлімет бермеді, бірақ біз сот-медициналық сараптама арқылы, іш киім арқылы дәлелдеуге қол жеткіздік. Олар шындықтың дәлелденгенін қаламады", – дейді дағдарыс орталығының жетекшісі Малика Жүсіпова.
45 жастағы Ақтолқын бір жылдан бері 14 жастағы қызымен дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Әйел алты несиенің үшеуін жауып, сауда орталықтарының біріне еден жуушы болып жұмысқа орналасқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1960821-aituga-qoryqtym-symkentte-ogei-qyzyn-zorlagan-ake-20-zylga-sottaldy/