Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әріптесінің заңсыз сотталғанын мәлімдеген белгілі қорғаушы Жоғарғы Сотқа жүгінді

Опубликовано:

сот
Көрнекі фото: jasqazaq.kz

Қазақстандық адвокат ұзақ жылға сотталып кеткен әріптесіне Жоғарғы Соттан араша сұрайды. Гүлнар Смағұловаға қатысты іс Алматы қалалық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотта 2020 жылы қаралған. Қорғаушы Мейрам Шаймерденов өзінің әріптесіне шыққан үкім заңсыз деп санайды. Бұл туралы QazaqToday басылымы жазады.

Оның айтуынша, Гүлнар Смағұлова БЖЗҚ бұрынғы төрағасы Руслан Ерденаевтың қорғаушысы болған. Экс-төраға 12 жылға сотталып кеткен соң, оның туыстары адвокаттардың үстінен пара алды және бопсалады деп арызданған.

Шаймерденовтың сөзінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ешқандай дәлел болмағандықтан, істі қысқартып тастаған. Алайда арада бір жыл өткенде Алматы қалалық ПД қос адавокаттың үстінен іс қозғап, сотқа жібереді.

"Гүлнар Смағұлованың заңсыз сотталғаны айқын көрініп тұр. Не себепті? Ол зейнетақы қорына қатысты сотталған Ерденаевтың қорғаушысы болды. Ерденаев БЖЗҚ төрағасы болған кезде 6 миллиард теңге ұрланған. Осы қылмысқа қатысты Ерденаевтың үстінен іс қозғалып, қамауға алынды.

Сол Ерденаевтың Қарғандыда тұратын немере ағасы бар. Оның да фамилиясы Ерденаев. Сол ағасы адвокат Смағұловамен жақын таныс болыпты. Інісінің үстінен іс қозғалғанда ол Гүлнардан қорғаушы болуды сұраған.

Тергеуде Ерденаевқа қылмысын мойындау туралы ұсыныс жасалған. Сол кезде Ерденаевтың ағасы әңгімелердің бәрін диктофонға жазып отырған. Соңында Ерденаев қылмысын мойындаудан бас тартты да, 12 жылға сотталды. Экс-төраға сотталған соң, оның туыстары адвокаттардан ақшаны қайтар деп талап еткен. Бұл жерде параға Гүлнар Смағұлованың ешқандай қатысы жоқ", – дейді сотталған Смағұлованың қорғаушысы Шаймерденов.

адвокат Шаймерденов
Фото: qazaq.today

Экс-төрағаның қылмысы дәлелденіп, 2018 жылдың 18-сәуірінде үкім шықты.  Бұдан соң Ерденаевтың әйелі мен ағасы бас прокуратураға арызданған.

Онда тергеу ісінде БЖЗҚ экс-төрағасына көмектесіп, жауапты тұлғаларға 150 мың АҚШ долларын беру үшін адвокаттардың ақша алғаны айтылады.

Осылайша қос адвокаттың үстінен Полиция Қылмыстық кодекстің 190-бабы және 367-бабымен іс қозғаған.

"Сотта көптеген процессуалдық істер бұзылған. Оған не сот, не тергеу саласы мән бермеген. Адвокат Гүлнұр Смағұлова 56 жаста, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Үйінде кәмелеттік жасқа толмаған кішкентай ұлы қалды.

Қазір көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Бұрын заңсыз шыққан үкімдер бұзылып, қайтадан қарауға жіберілуде. Істі Жоғарғы Сотқа кассациялық қарауға жібердік. Өндіріске әлі алынбаған. Жоғарғы Сот әділ шешім шығарып, жазықсыз жаламен сотталған адамды ақтайды деп үміттенеміз", – деді адвокат Мейрам Шаймерденов.

2020 жылдың 20-қазанында Алматы қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Майшинов айыпталушы Гүлнар Смағұловаға үкім шығарып, адвокат сот залында қамауға алынған.

Ол қазір Алматы облысында Жауғашты ауылындағы Ла155/4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Бірақ, "дәлелсіз сотталдым" деген Смағұлова өзіне тағылған айыпты үкім кезінде де мойындамаған.

Шаймерденовтың сөзінше, халықтың 6 миллиард ақшасын ұрлаған адамды 12 жылға, ал еш қылмысы делелденбесе де аудио жазба негізінде егде жастағы әйелді 11 жылға соттау - әділетсіздік.

"2019 жылы 24-қыркүйекте іс қысқарды. Бірақ сот сараптамасы 2019 жылы қараша айында шықты. Сонда сараптаманы істі қысқартып тастаған соң жүргізген. Егер сот сараптамасы жасалса ол тергеу соты кезінде жасалуы тиіс.

Екінші кемшілік - тергеудің біресе тоқтап, біресе қайта басталып, өте ұзаққа созылуы. Үшінші кемшілік - аудио таспалар түсініксіз. Іске мүлдем басқа дискілер қосылған. Ол қайдан келген жазбалар?

Сосын Қылмыстық кодекстің 367-бабымен Алматының ПД іс қозғады. Бұл - "пара беру" бабы. Бірақ ол баппен "Антикордың" ғана іс қозғауға құқығы бар. Сот оған да мән берген жоқ. Біздің өтінішке қарамады. Үкімге оны жазбаған.

Біз біліп отырмыз, қазір жағдай өзгеріп, көп азамат бостандыққа шықты. Ең бастысы Жоғарғы сот осы істі қараса, әділ үкім шығарса... Үмітіміз Жоғарғы Сотта", - дейді Шаймерденов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1960883-ariptesinin-zansyz-sottalganyn-malimdegen-belgili-qorgausy-zogargy-sotqa-zugindi/

pixel