Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл халыққа едәуір қиын": Смайылов азық-түлік бағасының өсуіне жол берген әкімдерге ескерту жасады

Опубликовано:

Үкімет басшысы кеңес өткізуде
Фото: primeminister.kz

19 наурызда премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен мемлекет басшысының тапсырмаларын және елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын орындау бойынша кезекті кеңес өтті. Бұл туралы үкімет басшысының ресми сайты хабарлады.

Жыл басынан бері Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 8 пайызға өскен. Бағаның өсуі барлық өңірлерде тіркелген. 

Өңірлер бойынша өткен аптада бағаның ең жоғары өсімі Батыс Қазақстан, (9,5 пайыз), Ақтөбе, (8,7 пайыз), Павлодар (7,1 пайыз) және Атырау облыстарында (6,7 пайыз) тіркелген.

Осы орайда премьер-министр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының айтарлықтай өсуіне жол берген бірқатар өңір әкімдеріне ескерту жасады. 

"Облыста жыл басынан бері де, бір апта ішінде де барлық ӘМАТ бойынша бағаның өсуіне жол берілген. Бұл халыққа едәуір қиын. Біз Оралдағы көптеген дүкенді араладық. Қант бағасы бір жерде төмен, ал бір жерде жоғары. Мен адамдарды еліміздің барлық өңіріне арнайы жібердім. Кейбір сауда орындарында баға 20 пайызға көтерілген. Үстеме бағаны бақылау керек, оны ешкім қадағаламай отыр", - дейді Әлихан Смайылов БҚО әкіміне.

Үкімет басшысы қант бағасын мысал ете отырып, өңірде ӘМАТ бағасына бақылау, бөлшек сауда маржасының 15 пайыздан асып кетуіне жол бермеу мониторингі жүргізілмейтінін айтты.

Сондай-ақ, кеңес барысында Ақтөбе облысының әкіміне де ескерту жасалды. Өңірде ел бойынша бағаның ең жоғары өсу көрсеткіштері тіркелген. Мәселен, картоп бағасы 32,8 пайызға, сәбіз 38,3 пайызға өскен.

Одан бөлек, премьер-министрдің айтуынша, өткен аптада ел аумағында жедел рейд шараларын өткізу кезінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын негізсіз көтеру фактісі бойынша 5 мың бұзушылық анықталған. 

"Жалпы бұзушылықтар бар. Егер көтерме баға қымбаттаса, онда мәселе басқа. Бірақ көтерме баға өзгермесе және маржа 2 есе немесе одан да көп көтерілсе, онда біз бағаның негізсіз өскенін байқаймыз. Бұған жол беруге болмайды", - дейді Әлихан Смайылов.

Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр Сауда комитетіне кезекті кеңесте өңірлерде бекітілген бөлшек сауда үстемесін сақтау мониторингі бойынша атқарылған жұмыс қорытындысы және бұзушылықтардың негізгі себептері туралы баяндауды тапсырды.

Өңірлердің басшыларына әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасындағы ең жоғары рұқсат етілген үстеме ақыға мониторинг жүргізу бойынша бақылау іс-шараларын күшейту және тиісті шаралар қабылдай отырып, баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын жалғастыру тапсырылды.

Сонымен қатар, үкімет басшысы өңірлердің басшыларына қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін ерте пісетін көкөністерді өндірушілермен (отандық ) алдын-ала келісім жасасуды ұсынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1961608-bul-xalyqqa-edauir-qiyn-alixan-smaiylov-azyq-tulik-bagasynyn-osuine-zol-bergen-onir-akimderine-eskertu-zasady/

pixel