Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәслихат Қапшағайға Қонаев есімін беру туралы шешімді бірауыздан қабылдады

Жарияланған күні:

Қапшағай
Фото: facebook.com/akimatkapshagay

24 наурызда Қапшағай қалалық мәслихатының әлеуметтік және мәдени мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Жиын барысында қалаға Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру туралы ұсыныс бірауыздан қабылданған. Бұл туралы мәслихат Instagram парақшасында хабарлады.

Отырыс барысында Қапшағай қаласы әкімінің атына түрлі үкіметтік емес ұйымдардан қаланы Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне өзгерту туралы қолдау хаттар түскені айтылған.

Дінмұхамед Қонаевтың Қапшағай қаласының қалыптасуында маңызды орнын ескере отырып, мәслихат депутаттарынан осы ұсынысты қолдауды сұраған.

Дауыс беру нәтижесінде қалаға Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру туралы шешім бірауыздан қабылданған.

Еске сала кетсек, 16 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында Алматы облысының Жетісу және Алматы облысы болып екіге бөлінетінін айтты.

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы, ал Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болмақ.

Осы ретте, президент егер жұртшылық Қапшағайға халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімін беруді ұсынса, онда бұл ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді.

Одан бөлек, Ұлытау облысын құрып, оның орталығы етіп Жезқазған қаласын бекіту туралы бастама көтерген еді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Семей аумағында Абай облысын құруды ұсынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962129-maslixat-qapsagaiga-qonaev-esimin-beru-turaly-sesimdi-birauyzdan-qabyldady/