"18 жерден пышақ жарақатын салған": Алматыда таксистке шабуыл жасаған күдіктілер іздестірілуде
Жарияланған күні:
Алматы полициясы такси жүргізушісіне шабуыл жасап, 18 жерден пышақ жарақатын салғандарды іздестіріп жатыр. Оқиға 12 наурызда болған. Бір ажалдан аман қалып, ауруханадан шыққан ер адам болған оқиғаны өзі баяндап берді, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Зардап шегуші азаматтың айтуынша, 12 наурызда қала ішінде жолаушы тасып, табыс табу мақсатында жолға шыққан.
Кешке қарай тапсырыс түсіп, Думан ықшамауданынан Алматы әуежайына қарай 3 адамды алып кеткен. Келіскен жерге жеткеннен кейін, әлгілер көліктен түсіп, оны сыртқа шақырған.
"Бауырым, артқы дөңгелегің жарылып қалыпты" деді. Ойымда ештеңе жоқ. Көліктен түстім де, артына бардым. Еңкейіп қарадым, дөңгелегім жарылмаған. Енді көтеріле бергенде бірден сол жақтан пышақпен ұрды. Ешқандай сөзсіз, ештеңе айтқан жоқ", - дейді зардап шегуші.
Телерананың мәліметінше, қылмыскерлер таксист жүргізушісіне 18 жерден пышақ жарақатын салған сөйтіп, ер адамның қолын байлап өз көлігіне отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен.
"Пышақты дайындап отырды. (...). Кейін бір жерге тоқтады, мені жерге түсірді, сөйтіп тастап кетті", - дейді ол.
Ал зардап шегушінің әкесі сол күні баласының нендей жағдайға душар болғанын түнгі сағат 23.00 шамасында естігенін айтады. Оған бейтаныс біреу қоңырау шалып, болған жайтты баяндаған. Әкесінің сөзінше, ұлы қоқыстың арасынан табылған. Кейін ауруханаға жеткізіліп, оған 3 сағат ота жасалған.
"Екі қызы, келіншегі бар. Бәріміздің асыраушымыз. Күнделікті жұмысына барып келеді. Қылтың-сылтыңы жоқ. Үміт күтіп отырған жалғыз ұлым. Менің айтарым, сол жауыздар тезірек табылып, өз жазасын алса екен", - дейді ер адамның әкесі.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ал оны тергеу үшін арнайы топ құрылып, құрамына криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Түрксіб аудандық тәртіп сақшылары жұмылдырылған.
"Бұл қылмыс міндетті түрде ашылады. Аса ауыр қылмыс санатындағы дерек. Сондықтан полиция қызметкерлері құзырындағы барлық ресурстарды пайдалана отырып, осы қылмыстың ашылуына бағытталған іс-шараларды жүргізуде", - дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962193-18-zerden-pysaq-zaraqatyn-salgan-almatyda-taksi-zurgizusisine-sabuyl-zasagan-kudiktiler-izdestirilude/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.