Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қант әлегі: Алматы облысындағы зауыттар сұранысты өтей ала ма

Опубликовано:

Қант
Көрнекі сурет: pixabay.com

Соңғы уақытта елдегі қант тапшылығына қатысты дүрбелеңге байланысты Сауда және интеграция министрлігі елімізде бұл өнімнің жеткілікті қоры бар екенін мәлімдеді. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі еліміздегі қант өндірісінің аяқ алысын зерттеп көрді.

Бүгінде республика бойынша екі облыс қант өндіреді. Олар Алматы облысы мен Жамбыл облысы.

Осы ретте KAZ.NUR.KZ тілшісі алдымен Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасынан өңірдің қанша тонна тәтті өнім шығаратынын сұрап білді.

Әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, 2021 жылы қант өндірісіндегі Алматы облысының республикадағы үлесі 25,6% болған.

Ал республика бойынша былтыр барлығы – 222,4 мың тонна қант өндірілген. Оның 57 мың тоннасы – Алматы облысының, 165,4 мың тоннасы – Жамбыл облысының үлесінде. Алайда қант тұтынудың жылдық қажеттілігі республикада – 512 мың тонна (19,1 млн адам х 26,8 келі). Демек отандық өнім республика халқының сұранысын толықтай қанағаттандыра алмайды.

Айта кетейік, Алматы облысында екі қант зауыты жұмыс істеп тұр. Былтыр өңірдегі Ақсу және Көксу қант зауыттары барлығы 57 мың тонна қант өндірген. Ол республика халқы қажеттілігінің 11%-ын, облыс бойынша 100%-ын қамтамасыз еткен.

Атап өтерлігі, Көксу қант зауыты шикізат ретінде қант қызылшасынан бөлек қант қамысын пайдаланады. Ал биылдан бастап Ақсу қант зауыты да қамыс қантын шығару желісінің құрылысын жүргізіп, іске қосуды жоспарлап отыр.

қант қызылшасы
Қант қызылшасы тиелген жүк көлігі. Фото: aksukant.kz

Былтыр Алматы облысында 150 мың тонна қант қызылшасынан 17,4 мың тонна қант өндірілгенін атап өту қажет.

Сондай-ақ Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасы 2022 жылға арналған жоспарын да бөлісті.

"Биыл 6 200 га жерге қант қызылшасын егіп, одан 220 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Сол сияқты 80 мың тонна қамыс шикізаты да өңделеді деп межеленген. Соның нәтижесінде бұл өңірде биыл 99,5 мың тонна қант өндіріледі деп күтілуде", - дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Алдағы уақытта бұл өңірде қант қызылшасының алқабын 2025 жылға дейін 11,2 мың гектарға ұлғайта отырып, жалпы өнім көлемін 394 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған.

Қаптағы қант
Фото: aksukant.kz

"Сонымен бірге қамыс қантын шығару ісі жалғасады, Ақсу қант зауытындағы өңдеу көлемін жылына 50 мың тоннадан 90 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр, 2023 жылдан бастап 2 зауыттың жалпы жылдық қуаты 130 мың тоннаға жетеді", - дейді ауыл шаруашылығы басқармасы.

Бұл ретте әкімдік қант өндірісіне қажетті материалдар тұқым, жанар-жағар май, минералды тыңайтқыштар, пестицидтер бағасына инфляцияның әсерін есепке ала отырып, қант қызылшасын егетін шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсетуді жалғастыру қажет екенін алға тартады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962354-eldegi-qant-ondirisinin-ayaq-alysy-almaty-oblysyndagy-zauyttar-suranysty-otei-ala-ma/

pixel