Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Болат Жәмішев "Қазақстан халқына" қорынан қандай ауруға шалдыққан балаларға ақша бөлінетінін айтты

Жарияланған күні:

Болат Жәмішев
Журналист Нартай Аралбайұлы мен Болат Жәмішев. Видеодан кадр: Youtube/Нартай Аралбайұлы

"Қазақстан халқына" қорының басшысы Болат Жәмішев қандай ауруға шалдыққан науқастарға қордан ақша бөлінетінін жіктеп айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Журналист Нартай Аралбайыұлының Youtube арнасына берген сұхбатында Болат Жәмішев қор қаржылай қолдау жасайтын азаматтар санатын атады.

"Мысалы бізде мүгедектігі бар жандарға арналған бионикалық протезбен айналысатын бірнеше ұйым бар. Біз мемлекеттік бюджеттен қамтамасыз етілмейтін осы маңызды саланы қолдауды жөн деп шештік. Қолы немесе басқа дене мүшесі жоқ балаға аталған протезді қойып берсек, бұл үлкен жұмыс емес пе? Міне, осындай жобаларды қаржыландырамыз. Сол сияқты тағы да бірқатар бағытта жұмыс істейміз. Оларды да атап өтуге тиіспін.

Церебралды сал ауруына шалдыққан балалар өте көп. Олар өздігінен жүріп-тұра алмайды. Оларға тәулік бойы бір орында отыру немесе төсек тартып жату қиын. Негізгі аурудан бөлек, ол қосымша асқынуға әкеп соғуы мүмкін. Міне сондай балаларға вертикалды күйде тұруға көмектесетін құрал бар — вертикализатор деп аталады. Ол балаға тәуліктің көп бөлігінде еңсесін тіктеп жүруге, соның есебінен асқазан-ішек жолдарының, зат алмасуының жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі.

Мұндай құралдар еліміздің барлық реабилитация орталықтарында бар, алайда үй жағдайында оған қол жеткізу қиын. Осы мәселені қолға алып, аталған ауруға шалдыққан әр балаға арнайы құралды алып беруге тырысамыз", - дейді Жәмішев.

Оның сөзінше, қайырымдылық қорларының бұл мәселені шешуге қауқары жетпейді.

"Жауапкершілік негізінен мемлекетте, ал қайырымдылық қорлары мемлекетті тек бағыттап отырушы. Біз де өз тарапымыздан қайырымдылық қорларына көмектемесіз, олардың істеп жатқан жұмысын кеңейтуді қалаймыз", - дейді ол.

Айтуынша, қор мен мемлекет өзара денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді нақтылап, бөліп алуы қажет.

"Біз жауапкершілікті мемлекетпен өзара бөлісіп алуымыз қажет. Қай сұраққа біз жауап беретінімізді, қай сұраққа мемлекет жауап беретінін нақтылап алуымыз керек. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз орфанды ауруға шалдыққан науқастарды қолдаумен айналысамыз.

Жақында дәрі-дәрмекпен қамтылмай қалған балалардың тізімін жасап шықтық. Бұндай өте ауыр ауру түрлерін емдеуге бюджет ақшасы жұмсалуы қажет екені түсінікті. Денсаулық сақтау министрлігі жетіспейтін дәрі-дәрмекке сұраныс жіберуде. Алайда мұндай балаларға дәрі дәл бүгін қажет. Олар бюджеттің нақтыланғанын, конкурстың жариялануын, сатып алынуын күтпейді", - дейді қор төрағасы.

Жәмішев "Қазақстан халқына" қоры сатып алуды жоспарлап отырған медикаменттер ішінде мемлекет ешқашан сатып алмайтын дәрілер барын атап өтті. Сондай-ақ ол неліктен ондай дәрілердің мемлекеттік бюджет есебінен алынбайтынын түсіндірді.

"Олардың бағасы өте қымбат, мемлекет дәрігерлердің алдына "бір балаға препарат аламыз ба, әлде 100 науқасты емдеп жазамыз ба" деген таңдау қоймауы керек. Мысалы кеше ғана жұлын-бұлшықет атрофиясына шалдыққан науқас балаға 1 миллиард теңге тұратын препарат салынды. Бұл өте қымбат дәрі. 8 сәуірге дейін әлі 3 науқас балаға осындай препарат салынады", - дейді Болат Жәмішев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962933-bolat-zamisev-qazaqstan-xalqyna-qorynan-qandai-auruga-saldyqqan-balalarga-aqsa-bolinetinin-aitty/