Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әзірше Қазақстанға бармаймын": Сеулде 5 жылдан бері тұратын қазақ қызы кореялықтардан не үйренген

Опубликовано:

Сеулдегі қазақ қызы
Фото: malim.kz

Сайрангүл Даханқызы Қытайдан Қазақстанға 2005 жылы оралған. Қазақ елінде білім алып, отбасын құрған ол бастапқыда өзін журналистика саласында сынап көрген. Алайда елде қызметке орналасуда кедергілерге тап болып, 2018 жылы Оңтүстік Кореяға көшкен, деп жазады Malim.kz порталы.

Сайрангүл басылымға берген сұхбатында Кореяға келген алғашқы уақытта бастан кешкен қиындықтары туралы айтып берген.

"Бара салып бірден жақсы қызметке тұрып кеткен жоқпын. Жарты жылға жуық тәжірибе жинау мақсатында жұмыс істедім. Корей тілінің алғашқы курсын оқыдым. Алматыда да екі жылдай осы тіл бойынша арнаулы білім алғанмын. Ағылшын, қытай тілдерін білгенім себепті кәрісше үйрену қиын болмады. Осылайша өзімді Кореяға, Сеулдің ортасына бейімдедім. Аш та болдым, тоқ та болдым.

Дамыған елге бару өміріме бірден-бір өзгеріс әкелетін қадам деп сезіндім. Бұл жақта басыңнан сипайтын әке-шешең жоқ, дайын жұмысты ұсына қоятын аңғал халқың жоқ, атақ-абыройың, мансабың қызықтырмайтын ортаға түстім. Сондықтан көп дайындалып, көп іздендім. Қиналған, толқыған кездерім әлі есімде. Біраз уақыт өтті. Қазіргі күні санамды сансыратқан сәттерімді күліп, сағынышпен еске аламын. Сеулдің тұрғыны болып, ортаға бейімделіп кеттім", - дейді ол.

Айтуынша, кореялықтардың әлеуметтік жағдайы, заңдары, тәртібі мен ережелері Қазақстанмен салыстырғанда жер мен көктей.

"Корей елі – заңға бағынатын ел. Заң халық үшін, халық заң үшін жұмыс істейді. Мемлекеттен қандай тапсырма – бұйрық келсе, халық бұлжытпай орындайды. Өйткені билік бұқараға, бұқара билікке сенеді. Басты құндылық адам өмірі жақсы қорғалады, қауіпсіздік бірінші орында", - дейді ол сұхбатында.

Сеулдегі қазақ қызы
Фото: malim.kz

Сеулде тұрғанына бес жылдан асқан қазақ қызы осы уақыт аралығында жергілікті корей халқынан нендей өнеге алғанын да әңгімелеп берген.

"Кәрістердің жақсы қасиеті – ісіне адал, уәдеге берік. Мемлекетке, отанға, қызметке, жеке басқа адалдықты осы елден үйрендім. Бірін бірі сатпайды. Басқа діндегі адамдар болса да, мұсылманнан да өткен бір-біріне  жаны ашып, көмектесіп тұратын сондай кішіпейіл ел. Сол жақта жүріп мейірбан, қамқор ұлт екенін байқадым.

Тағы бір айта кететіні, кәрістер тек бір мамандықпен шектелмейді, әр түрлі мамандықты игеріп, зерттеп жан-жақты болуға  бейімделеді екен. Олар 70-80 жасқа келгенше ізденіп, білімін жетілдіруден жалықпайды.

Корея елінің негізгі міндеттерінің бірі – қажыр-қайратпен тынбай еңбек ету. Сондықтан жалқауларды, уәдесінде тұрмайтын адамдарды олар бағаламайды. Уақытты бағалайды. Тұрақтылықты, тынбай еңбектенуді, адалдықты кәрістерден үйрендік. Корейлерде кішкентай жердің өзі бос емес", - деген ой түйген қазақ қызы.

Сайрангүл тұлғалық жағынан дамығысы келетін жастарға кемінде бір-екі жыл озық елде тұрып көруге кеңес береді. Алайда сол жақта тұрақтап қалу туралы ойламайды, бірақ жақын арада елге оралу жоспары да жоқ.

"Әзірше Қазақстанға бармаймын. Осы жақта өзімді дамытып, тәжірибе жинап барып елге ораламын деп ойлаймын", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963046-azirse-qazaqstanga-barmaimyn-seulde-5-zyldan-beri-turatyn-qazaq-qyzy-koreyalyqtardan-ne-uirengen/