Екібастұз әкіміне жергілікті тұрғын Land Cruiser-ден түсіп, жеңіл көлікке отыруды ұсынды

Опубликовано:

Ардақ Қаңтарбаев
Ардақ Қаңтарбаев. Фото: instagram.com/ardak_kantarbaev

Павлодар облысы Екібастұз қаласының тұрғыны қала әкіміне үндеу жасап, жол сапасының сын көтермейтінін айтты. Сондай-ақ ол қала басшысына Land Cruiser 200 көлігінен қарапайым жеңіл көлікке отыруды ұсынды. Осыған қатысты әкім Ардақ Қаңтарбаев пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Автор Instagram желісінде Екібастұздағы жолдардың нашар екенін атап өткен. Ол қарапайым тұрғындарды ойлап, шұңқырларды жамауды сұраған.

"Меніңше, қала әкіміне өзі сезінуі үшін Land Cruiser 200 көлігінен жеңіл көлікке отыру керек. Қалада жүріп-тұру мүмкін емес... Кішкентай төмпешіктер болды, жарайды, бірақ қазір шұңқырлар бар", - деді тұрғын Екібастұз әкіміне.

Сондай-ақ ол қала әкіміне жол талғамайтын көлік неге қажет деген сауал қойған.

Бұған қатысты шаһар басшысы Ардақ Қаңтарбаев өзінің Instagram парақшасында пікір білдірген.

"Қызметтік көлікке қатысты айтар болсам, басқа, яғни жаңа көлікті алудың (басқалай мүмкін емес) қажеттігін көріп отырған жоқпын. Егер бұл көліктің 2011 жылы шығарылғанын ескерсек, сіз бұл көліктің Екібастұзда бірінші жыл жүрмегенін түсінуіңіз қажет. Мен бұл көлікке мінген алғашқы әкім емеспін", - деді ол.

Осы ретте Ардақ Қаңтарбаев қаладағы жолдарға қатысты жағдайға да тоқталды. Оның сөзінше, қазіргі таңда жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес.

"Қазір қандай да бір жөндеу жұмыстарын жүргізуге ерте. Біріншіден, қар толық еріген жоқ, жер суық әрі дымқыл. Ағымдағы және орташа жөндеу кезінде жолдың сапасы асфальтбетон қоспасының температурасына ғана емес, сонымен қатар беті кем дегенде +5 градусқа дейін жылынуға тиіс ескі асфальттың температурасына да байланысты.

Жаңа материалдың қатаю дәрежесі мен қатаю процесі осыған байланысты. Біз қазір шұңқырларға қалдықтарды төкпейміз... Жер мен асфальт кеуіп, қолайлы жағдай болған кезде жөндеу жұмыстарын бастаймыз", - деді қала басшысы.

Ардақ Қаңтарбаевтың сөзінше, мердігерлер анықталған, шұңқырларды жамау және жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963189-ekibastuz-akimine-zergilikti-turgyn-land-cruiser-den-tusip-zenil-kolikke-otyrudy-usyndy/