БҚО-дағы су тасқыны: Бірнеше тасжол жабылды
Жарияланған күні:
Батыс Қазақстан облысында су шайып кеткен бірнеше автокөлік жолы жабылды, деп хабарлайды Қазақпарат.
Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабы ұсынған ақпаратқа сәйкес, Шыңғырлау ауданында аудандық маңызы бар Шыңғырлау-Шоқтыбай тасжолының 8-шақырымын еріген қар суы шайып кеткен.
Шыңғырлау-Талдысай тасжолының 3-шақырымында да осындай жағдай тіркелді. Бқған дейін 2 сәуір күні 16.30-да облыстық маңызы бар Бөрлі-Ақсай-Жымпиты тасжолын (87-шақырымында) су басты.
Теректі ауданында жергілікті маңызы бар Сарыөмір-Дуана тасжолын да су шайды. Соның салдарынан аталмыш жолдар барлық көлік түрлері үшін жабылған.
Сонымен қатар 2 сәуір күні 17.00-де Теректі ауданы Долинный ауылы тұсында республикалық маңызы бар Подстепный-Федоров-РФ шекарасы жолынан су асып кеткені белгілі болды. Ағын суды тоқтату үшін тиісті жұмыстар жасалды. Жол қатынасында іркіліс болған жоқ. Сағат 23.25-те тасқын су тыйылды.
Жәнібек ауданында сағат 19.00-де жергілікті маңызы бар Жәнібек-Талов жолының бірнеше жерін тасқын су басты. Бұл жолмен жүк талғамайтын көліктер жүре алады. Облыста күннің күрт жылынып, қардың еруіне, сондай-ақ өзендерде су деңгейінің көтерілуіне байланысты күрделі жағдай қалыпттасып отыр.
Қазіргі уақытта бес ауданда көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстарға 267 адам (51 техника, 6 жүзу құралы, 13 мотопомпа) жұмылдырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963285-bqo-dagy-su-tasqyny-birnese-taszol-zabyldy/