Талдықорғанда қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен 11 адам ұсталды
Жарияланған күні:
Полицейлер ҰҚК қызметкерлерімен бірлесіп, Талдықорғанда болған қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және қатысты деген күдікпен 11 адам ұстады. Олардан ұрланған атыс қаруы, арнайы қорғаныс құралдары мен оқ-дәрілер тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Басылымның мәліметінше, жасы 20-39 аралығындағы күдіктілерді ұстау операциясы Алматы облысының әр ауданында жүргізілген.
Ал олардың қаңтар оқиғасына қатысқанын облыс әкімдігі мен Талдықорған қалалық ІІБ ғимаратын басып алу кезінде түсірілген бейнежазбалар растайды. Сондай-ақ олардың полиция мен әскери қызметкерлерге күш қолданғандары да видеоға түсіп қалған.
"Рұқсат етілген тінту кезінде күдіктілерден екі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, көптеген патрон, полицияның оқ өткізбейтін кеудешелері және құқық қорғау мен қауіпсіздік қызметінде қолданылатын арнайы техника тәркіленді.
Тәркіленген қару-жарақ пен мүлік бұған дейін қалалық және облыстық полиция ғимаратына шабуыл жасалған кезде ұрланған деп есептелген", - дейді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі болған 37 жастағы Сарқан ауданының тұрғыны ұсталған.
Жеке тінту барысында одан Макаров тапаншасы мен патрондары, салмағы 210 гр болатын гашишке ұқсас жасыл түсті заты бар қаптама тәркіленген.
Басылымның жазуынша, күдіктілер ұсталғаннан кейін олардың туыстары ПД ғимаратына баса-көктеп кіруге және тергеуге кедергі келтіруге тырысқан. Жиналған материал арнайы прокуратура қызметкерлеріне берілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963551-taldyqorganda-qantardagy-zappai-tartipsizdikke-qatysty-degen-kudikpen-11-adam-ustaldy-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.