Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде азық-түлік қымбаттай ма

Опубликовано:

Дүкен
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы Қазақстанда азық-түлік бағасының өсетінін болжап отыр. Қазірдің өзінде кейбір тауарлардың қымбаттағаны байқалады. Негізгі себеп – Ресейге қарсы санкциялар. Соның салдарынан тауар жеткізу тізбегі үзілген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айта кетейік, бұған дейін импорттық өнімнің басым бөлігі Ресей арқылы жеткізілген. Алдымен Балтық теңізінің порттарына, одан кейін автомобиль немесе теміржол көлігімен елімізге әкеліп тұрды.

Бұл – ең тиімді жол. Шығындары да аз болған.

"Енді, осы тізбек үзілді. Жаңа жолдарды іздеу қажет. Әрине, бұның бәрі тауардың бағасына әсер етеді, бағасы көтеріледі. Мысалы, қант бізге жаңағы жолмен жеткізілетін. Енді, оны Қара теңіз арқылы Батуми портымен импорттайды. Соның нәтижесінде осы өнімнің бір партиясы 300 миллион теңгеге қымбаттап кеткен", - деді палатаның агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев.

Оның айтуынша, тауар жеткізу тізбектерінің бұзылуы тауар бағасына ғана емес, келісімшарт міндеттеріне де әсер етеді. Өйткені шартта көрсетілген уақыт өзгереді.

Бұдан басқа, инфрақұрылым мәселесі де бар. Өкінішке қарай, жаңа бағыттар бойынша тауарды қабылдау және ары қарай тарату жүйесі дайын емес.

"Қазіргі уақытта сөрелерде бағаны өзгеруін көріп жатырмыз ғой. Соның барлығы - жеткізу мәселесі мен конвертация проблемаларының нәтижесі. Жағдай тағы қиындай түседі деген қауіп бар", - деді Ербол Есенеев.

Соңғы уақыттардағы жағдай отандық тауарлардың бағасына да әсер етпек. Өйткені кәсіпкерлер шетелдік құрал-жабдықтарды пайдаланады. Өнім өзіміздікі болса да, қаптамаға қажетті шикізат сырттан сатып алынады.

"Содан отандық тауарлардың құны көтеріледі. Менің болжамыма сәйкес 15-20 пайызға өседі. Мысалы, біз кеше ғана құс өсірушілермен сөйлестік. Олар құс етінің өз бағасын 37 пайызға көтеру туралы айтып жатыр. Дегенмен, қазіргі кезде біз үшін қолайлы кезең. Көктем мен жазда ауыл шаруашылығы өнімдері көбейеді. Осы жағдайға күзде тап болсақ, қыс бойы мәселенің шешілгенін күтетін едік. Жағдайымыз одан бетер қиындайтын еді", - деді департамент директоры.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963654-elimizde-azyq-tulik-qymbattai-ma/

pixel