АҚШ-та ауыр жүк көлігін жүргізетін ақтөбелік ару айлық табысы қанша екенін айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбелік Ассоль Мұхамеджанова соңғы бір жылдан бері АҚШ-тың түкпір-түкпіріне жүк тасымалдаумен айналысады. АҚШ-тағы қазақ қызы жұмысының қызығы мен шыжығы және айлық табысы туралы Azattyq ruhy порталына берген сұхбатында айтып берген.
АҚШ-та жүктің 70 пайызы жүк көліктері арқылы тасымалданады. Елдегі көлік инфрақұрылымының дамуы мен осы салаға кіретін кірістің көптігі жүк тасымалдау қызметіне деген сұранысты арттырған. Америкада жұмыс істеп жүрген Ақтөбе тумасы ауыр жүк көлігін жүргізу қиын болғанымен табысы өте жоғары екенін айтады.
"АҚШ-та үлкен жүк көліктерін жүргізу арқылы шынымен де жақсы табыс табуға болады. Мені қызықтырғаны да табыс көзі болды. Жұмысқа тұру үшін айтарлықтай қатаң талаптар қойылмайды, тек денсаулығыңыз дұрыс болуы керек. Жүк көлігін жүргізуді арнайы мектепте оқытады. Жол жүру қағидаларын сол жерде толық үйретеді. Кейін күрделі емтихан тапсырып, аталған қызметке орналаса аласыз. Менің ойымша, жүк көлігін жүргізуде ең қиыны – көлікті дұрыс тұрақ орнына қоя білу. Кейде өте кішкентай қоймалар кездеседі, ал тіркемесі бар жүк көлігінің ұзындығы жоқ дегенде 20 метрден асады. Сондықтан тұраққа қою кезінде барынша мұқият болу қажет.
Ұзақ сапар кезінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыс қиындап кететін кездер болады. Бірақ, мұнда жүргізушінің тәулігіне 11 сағаттан артық көлік жүргізбеуі қадағаланады", - дейді Ассоль.
Ассоль жүк тасып, айына шамамен 10 мың доллар табады екен. Бір қарағанда, әйел адамға мүлде қолайсыз жұмыс көрінгенімен ол жолдың барлық қиындығына еті үйренгенін айтады.
Ассоль қазіргі жұмысы өзіне ұнайтынып айтып, жолда болатын қызықтарын да әңгімелеп берген. Айтуынша, Америкада жүк көлігін жүргізетін қыздарды кездестіру қалыпты жағдай.
"Жұмыс барысында АҚШ-тың түкпір-түкпіріне барамын. Жолда маған ұнайтыны – табиғатты тамашалау. Жол үстінде түрлі жан-жануарларды кездестіруге болады. Табиғаттың сұлулығы шаршағаныңды бірден ұмыттырады.
Десе де жолдың өз қиындығы бар. Әсіресе жауын-шашын, жолдағы жөндеу жұмыстары және қалың тұманда жол жүру қиындайды, бірақ жоғарыда айтқанымдай жолда 11 сағаттан артық болмаймын. Сондықтан демалуға, спортпен шұғылданып, қалағанымша көңіл көтеруге уақыт табамын", - дейді жүргізуші қыз.
Ассоль Лос-Анджелес қаласында күйеуімен бірге тұрады. Жолдасымен сол елде танысып, сонда отау құрған. Жігіт те Ассоль секілді АҚШ-қа табыс табу үшін барған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963704-aqs-ta-auyr-zuk-koligin-zurgizetin-aqtobelik-aru-ailyq-tabysy-qansa-ekenin-aitty/