Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай дүниеден өтті

Опубликовано:

Әбдірәлі Бөлебай
Әбдірәлі Бөлебай. Видеодан кадр: qazaqstan.tv

Радио және телевизия саласының ардагері, белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай 70 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды Қазақ радиосы.

Әбдірәлі Бөлебай 1953 жылдың 25 желтоқсанында Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Ерназар ауылында дүниеге келген.

Алматыдағы №46 қалалық кәсіптік техникалық училищені, Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген.

1983 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық теледидар және радио қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтынан дәріс алған.

Еңбек жолын "Қазақфильм" киностудиясында режиссердің көмекшісі болып бастаған.

Әр жылдары Қазақстан Кәсіподақтары жаныңдағы көркем өнерпаздары республикалық үйінде методист, Қазақ радиосының дикторы, Қазақ теледидарында диктор, дикторлар тобының жетекшісі, "Хабар" агенттігінде "Жеті күн" ақпаратты сараптау бағдарламасы және "Жаңалықтар" қызметінің жүргізушісі болған.

Сондай-ақ ол "Қазақстан" ұлттық арнасының Астана филиалында диктор, Президент телерадиокешенінде продюсер, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемкорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) баспасөз хатшысы болып жұмыс істеген.

Әбдірәлі Бөлебай өмірінің соңында дейін Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарған.

"Ол телерадиода дикторлық өнердің қыр-сырын терең меңгерген, дауыс үні өзгеше, шеберлігі толысқан білікті маман. Оның оқыған телерадиохабарларынан өзгеше бір тыныс, кең ауқым, биязылық пен парасаттылық лебі еседі. Жылы жүзді, жайдарлы, қарапайым. Бұл теңеу Қазақ телевизиясы мен радиосы тарихынан ойып тұрып орын алған Әбдірәлі Бөлебай туралы айтылған.

Кез келген ақпараттың шырайын шығарып оқитын Әбдірәлі ағамыздың бейнесі көзі қарақты көрерменнің жадында мәңгі қалары сөзсіз. Әбдірәлі ағамыздың алтын дауысы Қазақ радиосының "Алтын қорында" сақтаулы. Отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Ағамыздың жаны жаннатта, топырағы торқа болсын!", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963823-belgili-diktor-abdirali-bolebai-dunieden-otti/

pixel