Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Рамазанды ауыз бекіткен және бекітпеген мұсылман қалай өткізгені дұрыс

Опубликовано:

Ораза
Көрнекі фото: Sputnik / Абзал Калиев

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы ауыз бекіткен және бекітпеген мұсылман Рамазан айын қалай өткізгені абзал деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Ауыз бекіткен кісі осы қасиетті айда мүмкіндігінше оразаның әдептерін сақтап, құлшылығын көбейтіп, адамдармен көркем қарым-қатынас орнатып, мүмкіндігі келіп жатса, тарауық намазына қатысып, Құранды толық оқып, оның мағынасына ой жүгіртіп, егер жағдайы келіп жатса, пітір садақасын беріп, ауызашарлар ұйымдастырып, адамдардың батасын, алғысын алуға тырысуы керек.

Сонымен қатар Алладан көп кешірім сұрап, тәубе етіп, салауат айтып, Аллаға мадақ айтып, әрбір сәтін дұғамен, жақсы амалмен өткізуі керек. Өйткені бұл айда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, адамдардың ізгі амалдарының сауабы еселеніп жазылады. Мысалы, нәпіл намаздардың сауабы парыз намаздардың сауабындай ұлғайса, Рамазан айында жасалған ұмраның сауабы қажылықтың сауабындай артады", – дейді Ағабек Қонарбайұлы. 

Сондай-ақ ол ораза тұтпаған жандардың қасиетті айды қалай өткізуіне болатынын айтып берді.

"Қарттықтан, денсаулығына байланысты, жүктілік немесе бала емізу сияқты себептермен ораза ұстамаған адамдар өздерінің қолынан келген құлшылықты жасайды. Мысалы, Алладан кешірім сұрау, дұға ету, мүмкіндігі болса, пітір садақасын беру, Құран оқу, Алланы зікір ету, салауат айту, ауыз аштыру, ауыз бекіткен адамға қызмет көрсету (ауыз ашуына, ұйықтап қалмай, сәресін ішуіне мейлінше көмектесу).

Өйткені Алла алдындағы парыз оразасын себебі болғандықтан ұстай алмаған жан адамдарды пітір садақасының көлеміндей таңғы және кешкі асын беріп, тойдырғаны абзал", - дейді ол.

Сонымен қатар Ағабек Қонарбайұлы Рамазан айының бітуіне бір күн қалса да ауыз бекіткен дұрыс екенін айтты.

"Егер бір адам Раббымыздың мейірімі төгілетін Рамазан айы туралы мәлімет алмай, оны байқаусызда жіберіп алса, одан кейін Рамазанның ішінде оның күнәлар кешірілетін, мың айдан да қадірлі түні бар қасиетті ай екенін түсініп, ораза ұстауға ниет етсе, кеш емес.

Біздің дінімізде әрбір іс соңғы нәтижесімен өлшенеді. Сондықтан тіпті Рамазанның аяқталуына бір күн қалса да, ауыз бекіткен абзал. Өйткені бұл айдың мүмкіндігін жіберіп алмауымыз керек. Кейін Рамазан аяқталған соң өткізіп алған күндерді бөліп-бөліп ұстауға болады", – дейді Ағабек Қонарбайұлы.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963825-ramazandy-auyz-bekitken-zane-bekitpegen-musylman-qalai-otkizgeni-durys/

pixel