Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алғашқы сапарымда 5 мың доллар таптым": АҚШ-та тұратын қазақ қызы шетелде жұмыс істеудің артықшылығын атады

Опубликовано:

Америкадағы қазақ қызы
Фото: Instagram / assel.newyork

Алматылық Әсел Берк бірнеше жылдан бері АҚШ-та тұрып жатыр. Қызмет жолын қарапайым бухгалтер ретінде бастаған ол бүгінде АҚШ-та табысты еңбек етуде. Мұхиттың арғы жағынан бақытын тауып, ұлымен бірге Қазақстанға қыдырып келген Әселмен KAZ.NUR.KZ тілшісі сұхбаттасқан болатын.

Швейцариялық компаниядағы жұмыс

Әсел Алматы қаласында туып-өскен. Алматыдағы танымал ЖОО-лардың бірін бітіріп, магистр атағын Италияда қорғап шығады.

"2006 жылы орта мектепті аяқтап, КИМЭП-ке оқуға түстім. Аталған оқу орнында бухгалтерлікті тәмамдаған едім. Соңғы семестрде швейцариялық компанияда біліктілік арттырдым. Кейін маған сол жерден жұмыс ұсынып, қуана келістім. Міне, қызметтік жолым осылай басталды. Бір жыл жұмыс істеген соң, Италиядағы университеттердің біріне магистратураға оқуға түстім. Ол жақта халықаралық бизнес және экономика факультетінде білім алған едім. Екі жыл көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті де, елге оралдым", - дейді Әсел.

Бір жаздың ішінде 5000 доллар

Осыдан соң Әсел Америкаға баруды мақсат етеді. Алғаш рет 2009 жылы студенттерге арналған бағдарлама бойынша АҚШ-қа аттанған ол, содан бері Америкада жұмыс істеп, сол жақта өмір сүруді мақсат етеді.

"Үшінші курста оқып жүргенде АҚШ-қа алғаш рет бардым. Бұл студенттерге арналған, жұмыс істеп, саяхаттауға мүмкіндік беретін бағдарлама еді. Қазақстандық достарыммен бірге мамыр мен тамыз аралығында Аляска штатында болдым. Біз қонақүйде жұмыс істедік. Ол кезде ағылшынша жақсы сөйлесем де, айтарлықтай жетік білмейтін едім. Сол үш ай ішінде ағылшыншамды жетілдіре түстім. Аляска штаты соншалықты жақсы саналмайды, десе де, маған бәрі ұнады. Зәулім дүкендер, супермаркеттер, үнемі күліп жүретін мейірімді адамдар... Мұның бәрі менің көңілімнен шықты. Әсіресе, жалақының жоғары болғаны қуантатын. Өйткені, бір жаздың ішінде мен 5 мың АҚШ доллары көлемінде табыс таптым. Америкадан кетіп бара жатып, мұнда міндетті түрде ораламын деп уәде бердім", - дейді ол.

Виза беруден бес рет бас тартқан

Қазақстанға келген соң да Әсел Америка туралы ұмытқан емес. Арада он жыл өткенде ол АҚШ-қа қайтадан жолға шығады.

"Әрине, Америкаға бірден бару мүмкін болмады. Маған елшілік виза беруден бес рет бас тартты. Консул себебін де айтқан жоқ. Алайда мен берілген жоқпын. Соңында визаны ұсынды-ау, әйтеуір. Америкаға кетердің алдында жұмысқа орналастыратын агенттікке хабарластым. Олар маған өз мамандығым бойынша бухгалтерлік жұмыс тауып берді. Бірнеше сұхбат өткізген соң, мені жұмысқа қабылдап, келісімшартқа қол қойдық. Бір қызығы, осы аралықта маған Америкаға жету үшін бір апта ғана уақыт берді.

Сенбі күні Алматыдан ұшып кеттім де, дүйсенбі күні жұмысқа келдім. Шынымды айтсам, климатқа бейімделетін уақытым да болған жоқ. Жұмыс беруші де, агенттік те менің құжаттарымды реттеуге, транспорт мәселесін шешуге көмектеспеді. Әуежайдан да ешкім күтіп алмады. Бәрі өзімнің мойныма жүктелген еді. Билет алу, тұратын үй табу, әуежайдан қалай жету керектігін ойластыру, банк картасын ашып, әлеуметтік номер дайындау да өз міндетім екенін түсіндім. Оның үстіне, Нью-Йоркке алғаш рет келгендіктен, мұнда танысым да, достарым да жоқ еді. Қазір мұның бәрі артта қалды", - дейді Әсел.

АҚШ-та жұмыс істеудің ерекшелігі

Әңгіме арасында Әсел Қазақстан мен Америкада жұмыс істеудің айырмашылықтарына тоқталды.

"Жұмысқа келер болсам, Америкада жұмыс істеу қызық әрі жеңіл сияқты. Қазақстанда сен өз жұмысыңды жоспар бойынша орындап, басшылықпен сөз таластырмауың керек. Ал Америкада бәрі керісінше. Мұнда сенің пікіріңмен санасады, жұмысты жақсарту үшін алып-қосарың болса, оны да айтасың. Оларға сенің кеңсеге сағат нешеде келгенің, не киіп алғаның маңызды емес. Бастысы – қызметіңді дұрыс атқарсаң болды. Мысалы, біздің елде жұмысқа он минут кешігіп келсең, сөгіс аласың ғой?! Америкада мұндай ұсақ-түйекке мән бермейді", - дейді Әсел Берк.

Әр елдің өз кемшілігі бар

Дегенмен, Әсел әрбір елдің жетістіктеріне қоса, кемшіліктері болатынын да жасырған жоқ.

"Мен көптеген елге саяхаттадым. Сондықтан еш кемшілігі жоқ мемлекеттің әсте болмайтынын айтқым келеді. Барлық жердің артықшылығы да, кемшілігі де бар. Тек қандай кемшіліктерге шыдай алатынымызды біз өзіміз таңдаймыз. Американың екі үлкен артықшылығы бар. Біріншісі – жоғары жалақы. Ол жақта сенің еңбегіңді бағалайды, егер жақсы жұмыс істесең, соған сай жоғары жалақы төлейді. Екіншісі – адам құқығының қорғалуы. Егер келеңсіз жағдай болып, полицияға шағымдансаң, олар міндетті түрде көмектеседі. Ал Американың мен үшін ең үлкен кемшілігі бар. АҚШ-та 16 жастан асқан кез келген адам қару сатып алады. Ондағы тұрғындардың барлығында дерлік қару бар. Осы тұсы ұнамайды", - дейді ол.

Ямайкалық болса да, жүрегі қазақ

Бүгінде Әсел ямайкалық жігітке тұрмысқа шығып, ортақ ұлдарын тәрбиелеп отыр.

"Жолдасыммен жұмыста таныстым. Ол Ямайкадан, бірақ кішкентай кезінде Америкаға көшіп келген. Десе де, ол өзінің менталитетін сақтап қалған. Ямайкалықтардың қазақтармен де ұқсастығы бар. Олар үшін де отбасы бірінші орында, үлкендерді сыйлау жағы да біздің ұлтқа келеді. Олар өте мейірімді, қолы ашық, кең жүректі адамдар. Әрдайым көмек беруге ұмтылып тұрады.

Күйеуім ямайкалық болса да, жүрегі қазақ деп айта аламын. Ол да мен сияқты есепші. Бірде ол мені түскі асқа шақырып, Қазақстан туралы көп сұрады. Сол кезде пікіріміздің көп жерде ортақ екенін байқадым. Осылайша, бір-бірімізді таптық. Қазір ұлымыз өсіп келеді. Мен оның екі елдің мәдениетін де бойына сіңіріп өскенін қалаймын. Оған қазақтың дәстүрін де үйретемін. Ұлым бала кезінен біздің дәстүріміз, ұлттық тамағымызбен танысып, менің туған қаламды біліп өсуі үшін қазір Қазақстанға келдім. Отаныма жиі келіп тұруға тырысамын", - деді Әсел.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963890-algasqy-saparymda-5-myn-dollar-taptym-aqs-ta-turatyn-almatylyq-boizetken-setelde-omir-surudin-basty-artyqsylygyn-atady/

pixel