Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Азаматтарға арналған үкімет» 6 жылда 167 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткен

Опубликовано:

ХҚО
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ

Күн сайын мемлекеттік корпорацияның 22 мың маманы 19 миллион қазақстандыққа қызмет көрсетеді. Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының құрылғанына 6 жыл толды. Осы жылдар ішінде мемлекеттік корпорацияның мамандары 167 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетті. Демек, әрбір қызметкер жылына орта есеппен 3 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетеді.

Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» не үшін құрылды, қандай қызметтер көрсетеді және қазақстандықтарды болашақта не күтеді деген сұрақтарға жауап бермекпіз.

Сонымен, «Азаматтарға арналған үкімет» - бұл халыққа қызмет көрсетуге бағытталған төрт республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың бірлестігі. Оның құрамына халыққа қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік, жер кадастры және зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтар кірді. Осылайша, мемлекеттік корпорация Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері болды.

Қазақстандықтар анықтама алу үшін бір ұйымнан екінші ұйымға жүгірмей, қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ала бастады. ХҚО-ның не екенін бәрі біледі, бірақ бұл мемлекеттік корпорацияның қызмет көрсету офистері (фронт-офис) деп аталатынын, ал азаматтардан қабылданатын құжаттарды өңдеп, ары қарай құзырлы мемлекеттік органға жолдаушы бэк-офистер бар екенін білетіндер аз.

Қазіргі уақытта еліміз бойынша автокөлік иелеріне арналған мамандандырылған ХҚО-ларды қоса алғанда 331 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Онда мемлекеттік корпорация мамандары баланың туу туралы куәлігін беруден бастап, зейнетақыны ресімдеуге дейін 664 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді.

ХҚО
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ

Айтпақшы, жеке куәлік пен төлқұжаты бізге мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері емес, ХҚО-ға арнайы бөлінген ІІМ-нің көші-қон полициясы қызметкерлері береді. 6 жыл ішінде көптеген өзгерістер болды: қызмет көрсету үдерісін оңтайландыру арқылы анықтамалардың саны азайды, бірнеше қызметтер бірігіп, композитті форматқа ауысты, қағаз түріндегі өтініштер азайды, тіпті, проактивті қызметтерді алу үшін ХҚО-ға барудың қажеттілігі жойылды.

Мысалы, қазір жас аналар туу туралы куәлік пен жәрдемақы ресімдеу үшін ХҚО табалдырығын тоздырмайды, өйткені проактивті жүйе автоматты түрде туу туралы куәліктің қашан дайын болатынын және қай жерден алып кету керектігі туралы смс-хабарлама жібереді, ал жәрдемақы клиенттің шотына түсіп тұрады.

Сондай-ақ, көптеген қызметтер автоматтандырылған және электронды форматқа көшірілген. Мысалы, «цифрлық ипотека» пайда болды, көлікті мобильді қосымшалар арқылы қайта тіркеуге болады, ал жер кадастры желісі бойынша қызметтер енді egov.kz порталында қолжетімді.

Заманауи талапқа сай қызметтердің көбін онлайн форматқа көшіруге басымдық берілген. Бүгінде мемлекеттік корпорацияның автодромдары мен ахуалдық орталығы жаңартылып, құжаттарды жеткізу сервисінің барлық қалаларда қолжетімділігін арттыру, мемлекеттік баж салығын QR арқылы төлеу, қызметтерді көрсету туралы SMS-хабарламалар жіберу және т. б. жұмыстар жасалды.

Әдетте біз бәрінің жақсы жаққа қалай өзгеріп жатқанын байқай бермейміз. Шын мәнінде, мемлекеттік қызмет көрсету саласында жаңашылдықтар көп. Қазір азаматтар қажетті қызметті оңай әрі жылдам алады. Бірақ біз бұл жетістікпен тоқтамаймыз, алда бізді одан да көп жұмыстар, үлкен жауапкершілік күтіп тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963964-azamattarga-arnalgan-ukimet-6-zylda-167-millionga-zuyq-memlekettik-qyzmet-korsetken/

pixel