Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында сібір жарасын жұқтырған болуы мүмкін тұрғын анықталды

Опубликовано:

Дәрігер11
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Түркістан облысында ет кескеннен кейін 26 жастағы ер адам ауырып қалған. Оның туыстары үй карантиніне жабылды, қазір олар дәрігерлер бақылауында. Ер адамның досына да жаралар шыққан. Оны демалыстан қайтып бара жатқан жолда пойыздан түсіріп алған, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Түркістан облысында сібір жарасын жұқтырған болуы мүмкін 26 жастағы азамат анықталды. Оған 20 келі жылқы еті Тараз қаласынан жіберілген. Ер адам сол күні өзінің досымен бірге ет кесіп, кәуап дайындайды. Ал келесі күні отбасы ет асады. Алты күннен кейін азамат денсаулығы нашарлап, дәрігер көмегіне жүгінген.

"Сол қолының төртінші саусағында пайда болды, қазір оның жағдайы қанағаттанарлық, инфекциялық ауруханада жатыр. Барлық байланысқан адам медициналық бақылауға алынуда",- деді Түркістан облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов.

Ер адамның туыстарында ауру белгілері жоқ. Бірақ онымен бірге ет кесуге көмектескен досы ауырып қалған. Ауру белгілері шипажайға демалуға кетіп бара жатқан азаматта жолда пайда бола бастапты. Санитарлық дәрігерлер оны әйелімен бірге Көкшетау бағытындағы пойыздан түсіріп алған.

"Біз ақпаратты жедел түрде медициналық ұйымдарға бердік, олар науқасты инфекциялық стационарға алып кетті. Ол етпен тікелей байланыста болған және қолында жара бар. Демек ет кесу кезінде ол теріге зақым келтіріп, жұқтырып алған",- дейді Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.

Сол арада Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы KAZ.NUR.KZ порталына бұл жайтқа қатысты қосымша ақпарат ұсынды.

"Түркістан облысы Түлкібас ауданының екі тұрғыны 4 сәуір күні аудандық орталық жұқпалы аурулар ауруханасына "ЖРВИ және Сібір жарасы терілік түрі" ауруын жұқтырды деген күдікпен түскен. Аталған азаматтар тұтынған 25 келі ет, Жамбыл облысы Тараз қаласынан алынған.

Бүгінгі күнде 18 келі ет жиналып арнайы орында сақталуда, тиісті сынамалар алынып АШМ ВБжҚК "РВЗ" РМК ОҚ өңірлік филиалына жолданды, нәтижесі ағымдағы жылдың 15-16 сәуірінде белгілі болады.

Жоғарыдағы жағдайларға байланысты, қазіргі таңда АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының мамандары, аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары мен басқарманың "Ветеринариялық қызмет" ШЖҚ МКК мамандары тарапынан тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар жүргізілуде", - делінген Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының хабарламасында.

Мамандар бұл жайттың ауру ошағы болып тіркелмегенін алға тартты.

"Сібір жарасы ауруынан өлген ауыл шаруашылығы жануары тіркелген жағдайда ғана ол аурудың ошағы болып тіркеледі", - деп қосты мекемеде.

Айта кетейік, Түркістан облысы - сібір жарасы ауруы бойынша ең қолайсыз өңір. Өткен жылы аймақта сібір жарасын 7 адам жұқтырып, барлығы аурудан айыққан. Мұнда мал асырайтын фермерлер, шаруа қожалықтары өте көп. Жануардың ауырып жатқанын немесе жара жұқтырғанын тексермей анықтау мүмкін емес. Дегенмен сібір жарасы малды сойғанда немесе емдеу кезінде адамға жұғуы мүмкін. Ал адамнан адамға жұқпайды.

Сібір жарасы – аса қауіпті инфекция. Оның белгілері қарапайым суық тиюге және тіпті коронавирусқа ұқсас келеді. Науқастың дене қызуы көтеріліп, басы мен белі ауырып, әлсірей бастайды. Жалғыз айырмашылық- терінің көрінісі, яғни денеде алдымен дақ пайда болады, ол ісініп, жарылған көпіршіктің орнында жара пайда болады. Ал уақыт өткен сайын қан қою түске боялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964076-turkistan-oblysynda-sibir-zarasynyn-osagy-anyqtaldy/

pixel