Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Беташарда қайыр сұрап кететіндер көп": Белгілі асаба тойда ақша сұрай беретін әріптестерін қатаң сынға алды

Жарияланған күні:

Нұрбек Асылбек, асаба
Нұрбек Асылбек. Фото: instagram.com/nurbek_assylbekk/

Пандемия кезінде тоқтап қалған той-томалақ қайта жалғасты. Бүгінде мейрамханалар да, әншілер мен асабалар да қайтадан сұранысқа енді. Десе де, қазіргі тойдың сапасы туралы ашып айтатындар көп емес. Белгілі асаба Нұрбек Асылбек қазақ тойларындағы басты кемшіліктерге, оның ішінде, беташар кезіндегі олқылықтарға тоқталды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Нұрбектің асабалық қызметті алып жүргеніне біраз жыл толды. Осы аралықта ол тойдағы небір қызықтар мен кемшіліктерге куә болған. Әсіресе, келіннің бетін ашардағы кейбір ерсі қылықтарға көз жұма қарамайтынын жеткізді.

"Беташар – бүгінге дейін сақталған ең әдемі дәстүрлеріміздің бірі. Мұндай салтты ешбір елден кездестірмейсіз. Бірақ осы бір құндылығымыздың да қадірін қашырып жіберетін кездер бар. Беташар келінге өсиет ретінде айтылуы керек. Жаңа түскен келінге әулетін таныстырып, жаңа ортасымен қауыштыру – басты мақсат. Алайда келіннің бетін ашып жүрген кейбір асабалар кейде ерсі қылықтарға кетіп қалады. Әсіресе, тойға келген адамдардан қоймай ақша сұрау, қалтасындағы бар тиынын қағып алу сәнге айналғандай. Құдды, қайыр сұрап кетеді, артық айтсам ренжімесін.

Кез келген адамның қалтасында ақша толып тұрмайды ғой?! Қаншама аға-апаларымыздың қоймай ақша сұрағанда қиналып, ұялып қалған кездерін көрдім. Бұлай сұрау беру - үлкен мәдениетсіздіктің көрінісі. Келіннің бетін ашу – бұл қайыршылықпен айналысу емес. "Әкел, әкел, шығар, тағы да шығар" деп тойға келген халықты қинап, қалтасына ақша салып кеткенін қалап тұратын сұраншақ асабалар көбейді. Өкінішті. Одан бөлек, беташарды фонограммамен, қазіргі заманауи музыкалық аспаптармен де өткізетіндер бар. Негізі, келіннің бетін қазақтың қара домбырасымен, жанды дауыста ашқан дұрыс", - дейді ол.

Сондай-ақ, Нұрбек Асылбек қазіргі қазақ тойларындағы көңілге қаяу түсіретін ыңғайсыз жайттарды да атап өтті.

"Тойды көңілді өткізіп, жиналған халықты игеру – әрбір асабаның міндеті. Бірақ той кезінде жас жігіт пен әжейді, ақ сақалды атамыз бен жас қыздарды жарыстырып билетіп қоятыны жаныма жақпайды. Дәл сол сәтте ол қызықты көрініп, той күшті өтіп жатқандай сезілуі мүмкін. Бірақ сырт көзге өте ерсі әрекет, мойындау керек. Содан соң, жас қыздардың шетелдік әуендерге жанын салып билегені де той көрігін қыздырғанымен, ұят нәрсе. Өйткені, тойға тек жастар емес, орта буын мен үлкендер де келеді. Сол кісілердің алдында көлбеңдеп жүргендері ұят тірлік. Бізге той мәдениетін қалыптастырып, әдеп-ибадан аспауды әлі де үйрену керек", - дейді асаба.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964771-betasarda-qaiyr-surap-ketetinder-kop-belgili-asaba-toida-aqsa-surai-beretin-ariptesterin-qatan-synga-aldy/