ІІМ: Блогерлер күдікті ретінде танылған қаржы пирамидасының ісі сотқа жолданады
Жарияланған күні:
ОКҚ-да өткен брифингте ІІМ тергеу департаментінің бастығы Mudarabah Capital, Astex.kz және ACD Technology қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс барысы туралы баяндады. Қазіргі уақытта іс сотқа жолданбақ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жиын барысында журналистер қаржы пирамидаларының құрылтайшылары өз салымшыларына не уәде еткенін сұрады.
"Mudarabah Capital" ЖШС, "Astex.kz" ЖШС және "ACD Technology" ЖШС қаржы пирамидаларынан зардап шеккендерге қатысты айтсақ, аталған қаржы пирамидалар өздерін кірісті инвестициялар саласындағы табысты ұйымдар ретінде көрсеткен.
Азаматтардың қаражатын тарту үшін күдіктілер олармен ынтымақтастық туралы шарттар жасасқан, ал ақша тендерлер мен мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін жіберілген.
Күдіктілер салымшыларға ай сайын 20% - ға дейін дивиденд беруге уәде еткен. Іс жүзінде тергеу Astex.kz те, ACD Technology да тендерлерге, мемлекеттік сатып алуларға қатыспағанын, ал дивидендтер инвесторларға жаңа салымшылардың жарналары есебінен төленгенін анықтады", - деді ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Сондай-ақ ІІМ өкілі қаржы пирамидасының қызметіне түсетін қаражатты ұлғайту үшін блогерлер тартылғанын хабарлады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша кең көлемде тергеу жүргізіліп, сараптамалар тағайындалды. Әділов сонымен қатар қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардан қанша мүлік тәркіленді деген сұраққа жауап берді.
Ол жәбірленушілерге келтірілген зиянды өтеу мақсатында тергеушілер күдіктілер мен олардың туыстарына тіркелген Алматы, Нұр-Сұлтан және Алматы облыстарындағы мүлікті бұғаттағанын мәлімдеді.
Тәркіленген мүліктің ішінде 4 жер учаскесі, 10 пәтер, 5 жеке үй, 2 көлік және дүкен бар. Сондай-ақ компаниялардың есеп шоттары бұғатталды. Оларға қатысты шешімді сот қабылдайды.
ІІМ өкілі блогерлердің күдікті ретінде танылғанын, іс жақында сотқа жолданатынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта іс бойынша 14 күдікті бар.
"Блогерлерге қатысты айтсақ, олардың үшеуі де күдікті ретінде танылды. Екеуіне қатысты кепілде ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Ал біреуіне қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленіп, халықаралық іздеу жарияланды. Қазіргі уақытта қылмыстық істі аяқтап, таныстыруға жіберу жоспарланып отыр, артынша сотқа жолданады", -деді Әділов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964827-iim-blogerler-kudikti-retinde-tanylgan-qarzy-piramidasynyn-isi-sotqa-zoldanady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.