Полиция түрлі қару сақталған 100-ден астам жерді анықтады

Опубликовано:

Қару-жарақ
Көрнекі фото: Polisia.kz

Полиция қару-жарақ пен оқ-дәрілер сақталған 100-ден астам жерді анықтады, деп хабарлайды ІІМ ресми сайты Polisia.kz.

Ішкі істер министрлігінің Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарының аумағында жүргізілген арнайы операциялары мен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 1000-нан астам адам ұсталып, қылмыстық жауаптылыққа тартылуда.

Ұсталғандардың ішінде деструктивті ағымдарды жақтаушылар, ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтардың жетекшілері мен қатысушылары, сондай-ақ, атыс қаруының заңсыз айналымына және 4-7 қаңтар аралығындағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы бар күдіктілер де бар.

Жедел іс-шаралардың нәтижесінде қару мен оқ-дәрілер сақталған 103 орын табылды. Тінту барысында 1 363 бірлік атыс қаруы, оның ішінде: 137 автомат, бір Калашников қол пулеметі, 420 тапанша, 150 ойық карабин, 455 тегіс ұңғылы мылтық, 12 "Форт-500" өлімге әкелмейтін мылтық, 188 бірлік өзге де қару түрі, сондай-ақ, 279 граната және 35 470 түрлі калибрлі оқ-дәрі тәркіленді.

Бұдан басқа, жаппай тәртіпсіздік кезінде тонаумен айналысқандарды анықтау бойынша іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 768 күдікті анықталды.

Ұсталғандардан 16 миллион теңге көлемінде қаражат және 5 819 бірлік ұрланған мүлік тәркіленді. Тәркіленгендердің арасында 12 автокөлік, 796 ұялы телефон, 665 бірлік тұрмыстық техника, 376 бірлік зергерлік бұйымдар, 943 дана киім, 615 бірлік косметикалық құралдар және 2,5 мыңнан астам түрлі тауарлық-материалдық заттар бар. Жедел-іздестіру шаралары жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964913-policiya-turli-qaru-saqtalgan-100-den-astam-zerdi-anyqtady/