Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында балабақшаға кеткен 1,5 жасар балаға шұғыл түрде ота жасауға тура келген

Опубликовано:

Ойыншықтар
Көрнекі фото: pixabay.com

Түркістан облысында кезекші көлікпен балабақшаға жеткізілген 1,5 жасар балаға шұғыл түрде ота жасауға тура келген. Балабақша басшылығының мәліметінше, бүлдіршін көліктен түскен соң тасқа сүрініп, құлап қалған. Алайда сәбидің анасы ұлының жай құлап қалып, көптеген жарақат алғанына сенбейді, деп хабарлайды Отырар телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, оқиға Отырар ауданы Шәуілдір ауылында болған.

Облыстық балалар ауруханасында бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Ғалымжан Байтөренің айтуынша, бүлдіршін ауруханаға 12 сәуір күні кешкі сағат 6 шамасында орташа ауыр жағдайда жеткізілген.

"Тексеру барысында баланың жабық бас сүйек-ми зақымын алғанын, миы шайқалғаны анықталды. Сондай-ақ жоғары жамбас сүйегінің жабық сынық жарақаты тіркелді. Одан бөлек беті мен басында көптеген жарақат бар. Шұғыл түрде ота жасалды, ол 40 минутқа созылды. Қазір баланың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда", - дейді Ғалымжан Байтөре.

Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген Түркістан облысы Отырар ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің дерегінше, сәби балабақшаға жеткізілген кезде сүрініп, құлап қалған.

"Бұл күні ата-аналардың бастамасымен балаларды балабақшаға "Опель" маркалы көлігі тасымалдады. Бала көліктен түсіп, тәрбиешісіне қарай жүгіріп бара жатқанда тасқа сүрінген. Салдарынан бала құлап, басы мен бетінен жарақат алған. Сондай-ақ жамбас сүйегі сынған", - дейді Отырар ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева.

Ал жарақат алған баланың анасы Ажар Пернебек ұлының осы себеппен ауруханаға түскеніне сенбейді. Ол тәрбиешілердің жасырғаны бар деп есептейді. Оқиға таңғы уақытта болған, ал ата-анасына күннің жартысында ғана хабарлаған екен.

"Балабақшадағылар ол көліктен шыққан кезде құлап қалды деп маған өтірік айтып отыр. Олар мені мазақ етіп отыр. Көлік жүргізушісі кездесуден қашып, сұрақтарға жауап бермейді. Маған балабақша директоры келіп, арыз жазбас үшін қажет ақшаны төлейтінін айтты. Одан қала берді маған әлі жас екенімді, тағы балалы болатынымды айтты. Мен жыл сайын, ай сайын бала туатын итпін бе әлде мысықпын ба? Мен бәрібір арыз жазамын, кінәлілердің жазалануын талап етемін", - дейді баланың анасы Ажар Пернебек.

Телеарнаның мәліметінше, қазір жеңіл көлік жүргізушісіне қатысты тергеу басталған. Баланың жарақат алуына не себеп болғанын құқық қорғау органдары анықтайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965137-miy-saiqalyp-zambasy-syngan-turkistan-oblysynda-balabaqsaga-ketken-15-zasar-balaga-sugyl-turde-ota-zasalgan/

pixel