"Ақтық демі шыққанша адал болды": Алаш ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің өмірлік жары Гүлбаһрам туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Тағдыр табыстырып, заманның ағымы ажыратқан қазақ зиялыларының адалдығы көпке үлгі. KAZ.NUR.KZ қазақ әдебиетінің "классигі" Сәкен Сейфуллинге жар атанып, шаңырағының түтінін түтеткен, өмірлік махаббатына айналған әрі жазушы шығармаларын бүгінге мұра етіп жеткізген Гүлбаһрам Батырбекқызы туралы деректерді назарларыңызға ұсынады.
- Сәкен Сейфуллиннің өмірлік серігі Гүлбаһрам Батырбекқызы білімді әйел болған. Ол өмірлік жолдасының шығармашылық мұрасын сақтап, дамытуға үлкен үлес қосқан.
- Гүлбаһрам мен Сәкеннің екі баласы болған, бірақ екеуі де жас кезінде қайтыс болған. 1938 жылы Гүлбаһрам жер аударылған.
- Гүлбаһрам Сәкеннің ақталуы үшін көп жыл бойы күресіп, ақырында 1957 жылы оның ақталуына қол жеткізген. Ол өмірінің соңына дейін Сәкеннің мұрасын жинақтап, мұражайларға тапсырған.
Алғашқы кездесу. Аяулы жар
Қазақтың аяулы перзенті, ақын әрі әдебиет зерттеушісі Сәкен Сейфуллинге өмір бойы адал боп өткен жан – Гүлбаһрам. Ол өз заманындағы көзі ашық қыздардың қатарынан болған. Қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы журналист Нәзипа Құлжанованың ықпалымен партия кеңес мектебіне оқуға түседі. Гүлбаһрам ақын Қайып Айнабековтің немере қарындасы болып келеді. Бірде Қайып Сәкен арқылы қарындасына сәлемдеме беріп жіберген. Сол сәтте Гүлбаһрамды көрген классик жазушы оған ғашық болып, екеуі 1926 жылдың желтоқсанында отау құрады. Бұл жазушының екінші некесі еді. Олардың алғаш кездескен сәті Сәкен Сейфуллин мұражайының кіші ғылыми қызметкері Эльмира Балтабекованың "Сәкен мен Гүлбаһрам" жазбасында былай баяндалады:
1925 жыл… Сәкен Сейфуллин – саяси беделі бар қоғам қайраткері, белгілі жазушы. Гүлбаһрам – Совпарт мектебінде оқитын он жеті жастағы өрімдей жас қыз… Ол білім нәрімен терең сусындап, ұстаздар ақыл-кеңесін ұғынып, оқу мен білімін, бар күшін өз халқыма арнасам деген.
Бірде Сәкен Гүлбаһрамға туысқандарынан хат келгенін айтып, хабаршыны жібереді. Бұған дейін ақын Гүлбаһрамның туыстарының үйінде қонақта болған. Бірақ, жеке таныстығы жоқ еді. Міне, екеуі оңаша жүздесті. Амандық сұрасты. Сәкен Сейфуллин бойжеткеннің өзін-өзі ұстауынан ерекше батылдығын байқайды. Оның қарапайым қыз емес екендігіне көзін жеткізеді. Гүлбаһрам да көп бөгелмей, алғыс айтып, өз жолымен жүреді.
Ақын өзінің шығармашылық-әкімшілік сапарын жалғастыра береді. Алайда, ойынан Гүлбаһрамды шығарған емес. Оның қара көздері, бұраң белі және бойжеткеннің көркін асырған қос білектей тығыз өрілген қос бұрымы елестейтін… Дәл осы бейнесі "Совпарттағы қарындасыма" атты танымал өлеңінің алғашқы жолдарын жазуға итермелеген еді…
Гүлбаһрамға
(Совпарттағы қарындасыма)
Елден келдің қалаға
Оқу іздеп, шырағым!
Жүрмегейсің ұмытып
Ауылдың алыс — жырағын.
Надандықпен шіріген
Қалды алыста ауылың.
Сенен дерек күтеді
Елдегі көп бауырың.
"Тасын кемір білімнің"
Білім үйрен ерінбе!
Болып жүрме әуейі,
Ойынға артық берілме!
Ел қызының келеді
Сенен дерек білгісі.
Елге білім апарып,
Солардың бол үлгісі.
Қайғылы жағдай
Жазушының жары туралы қызықты деректер "Астана ақшамы" газетінде жарияланған. Сәкен мен Гүлбаһрамның Лаура және Аян есімді екі баласы болған. Өкінішке қарай, екеуі де сәби күнінде өмірден өтеді. Әсіресе, Аянның өлімі ана жүрегіне ауыр соғады. Өйткені, 1937 жылы Сәкен Сейфуллин "Халық жауы" ретінде ұсталып, Гүлбаһрамды НКВД жендеттері Ақмолаға қоныс аудартады. Жол бойы баланың қызуы көтеріліп, іші өтіп, анасы діттеген жеріне жеткенше сәби көз жұмады. Күйеуі қамалып, онсыз да қайғырып жүрген Гүлбаһрам пойыздан баласының өлі денесін құшақтап түседі.
Ұлдары Аянның атын Мұхтар Әуезов қойған, ал қыздары Лаура Қызылорда қаласында ауырып, шетінеп кеткен.
Сәкеннің мұрасын сақтаған
Гүлбаһрам Батырбекқызы асыл жарының шығармашылығын дамытуға үлкен үлес қосқан жан. Ол Сәкеннің "Тар жол, тайғақ кешу" роман-эссесінің, "Тұрмыс толқынында" өлеңдер жинағының қолжазбасын дайындап, баспаға өткізуге көмектеседі.
Сондай-ақ өмірінің соңына дейін Сәкеннің ақталып шығуына бар күшін салады. Мәскеуге толассыз хат жазып, асыл жарынан "Халық жауы" атағын алып тастау үшін үлкен еңбек атқарды. Гүлбаһрамның үздіксіз еңбегінің арқасында 1957 жылдың 30 наурызында Сәкен Сейфуллин толық ақталды.
Сәкен мен Гүлбаһрамның соңғы кездесуі 1938 жылдың 8 ақпанында өтті. Сол кездесуде жендеттер орысша сөйлесуді талап еткен соң, екеуі көп тілдесе де алмаған.
Соңғы жүздесу
"Кірсем, кірпігі көзіне жабысып, өңі құп-қу Сәкенім отыр. Нарттай беті қарайып кеткен. Жағы суалған. Қайратты қара шашын сыпырып тастаған. Шашы 4-5 айда ағарып кеткені көрініп тұр. Көз жанары сөнген. Өң жоқ. Екі ұрты ішіне кіріп кеткен. Тістері қаусап қалған болу керек. Алдымда отырған бір аруақ секілді… Бұл кездесу Сәкенді соңғы көруім екен ғой…Тіпті, ештеңе де дұрыстап сөйлесе алмадық. Орысша сөйлесіңдер деп жан алып тұрғанда не айтып, не қоярсың?" - деп жазылған С.Сейфуллин мұражайының қызметкері "Астана ақшамы" газетіне жариялаған материалда.
1937 жылы Сәкен Сейфуллин қудалауға ұшырағанда Гүлбаһрам да "халық жауының жұбайы" ретінде айыпталды. Ол Сәкенмен соңғы рет түрмеде кездескеннен кейін Ақмолаға жер аударылады. АЛЖИР лагерінде жазықсыз азап шегеді.
Гүлбаһрам Батырбекқызы Сәкенге қатысты барлық дүниелер мен деректерді жинақтап, еліміздегі мұражайларға табыстаған. Ол 1973 жылы өмірден өтті.
Гүлбаһрам Батырбекқызы Сейфуллина қуғын-сүргін жылдарын басынан өткізіп, саналы ғұмырын Сәкен сынды тұлғаның мұрасын жинақтауға арнады. Замандастарының естеліктерінде Гүлбаһрам жарқын жүзді, қонақжай әйел ретінде суреттелген. Бұдан Гүлбаһрам Батырбекқызының қазақ әйеліне тән барлық қасиетті өн бойына жиғанын, нағыз қазақ әйелінің бейнесін көреміз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965244-aqtyq-demi-syqqansa-adal-boldy-alas-ardaqtysy-saken-seifullinnin-omirlik-zary-gulbahram-turaly-ne-bilemiz/