ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламанов бостандыққа шықты
Жарияланған күні:
ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламанов бостандыққа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Семей қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семей қаласының №2 соты Жоламановтың өтініші бойынша жазаны өтеуді шартты жазаға ауыстыру туралы материалдарды қараған.
Өтініште Жоламанов заңда белгіленген жаза мерзімінің бір бөлігін өтегенін, жазаны өтеу кезінде өзін жақсы жағынан көрсеткенін, іс жүргізу шығындарын төлегенін, сот үкімі бойынша азаматтық талап қоймағанын, жазасын өтеу кезінде 19 көтермелеуі бар екенін, жазаны өтеу мерзіміне қосымша ақы аударылғанын, сондай-ақ осы мекеменің қоғамдық өміріне және тәрбиелік шараларына белсенді қатысқанын айтқан.
Соттың баспасөз қызметі Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әскери сотының 2015 жылғы 6 наурыздағы үкімімен Нұрлан Жоламанов мүлкі тәркіленіп, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылғанын және 2025 жылғы қазанда ғана бостандыққа шығуы тиіс екенін еске салды.
Бірақ сотталушы шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандыруды сұраған.
Сотталушының адвокаттары, жазасын өтеген мекеме өкілі, сондай-ақ Семей прокуроры да Жоламановтың өтінішін қанағаттандыруды сұраған.
Нәтижесінде сот келесі негіздер бойынша азамат Жоламаовтың шартты түрде мерзімінен босату туралы өтінішін қанағаттандыру қажет деп тапқан.
"Жоғарғы соттың 02.10.2015 жылғы №6 нормативтік қаулысының 9-тармағына сәйкес және сипаттамалық деректерді ескере отырып, сот оның тәртібінде оң өзгерістер бар және жазаны одан әрі өтеуге негіз жоқ деп бағалады. Сондай-ақ бірқатар ауыр сырқаты бар екенін де ескерді", - дейді қалалық соттан.
Сот актісі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965373-uqk-sekara-qyzmetinin-buryngy-bassysy-nurlan-zolamanov-bostandyqqa-syqty/