Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жарапазанның мағынасын түсінсе екен": Этнограф тұрмыс-салт жырындағы қателіктер туралы айтты

Жарияланған күні:

Жарапазан айтып тұрған жігіттер
Көрнекі фото: Azan.kz

Жарапазан — тұрмыс-салт жырларының ішінде бала күнімізден құлағымызға сіңіп, сөзі мен әуені жадымызға жатталып қалған жыр. Бүгінде жарапазанды "жарамазан" деп айтып жүргендер кездеседі. Заман ағымымен тұрмыс-салт жырының әуенін де, сөзін де бұрмалап жүргендер бар. Этнограф Майра Ормолдаева бұл туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Негізі "жарапазан" деп аталған. Қазіргі кезде тілдік қолданысқа сай әр өңірдің өзіндік мәдениеті, диалектісі, өңірлік салт-дәстүрінде өзгешелік бар. Сол секілді әр облыста әртүрлі айтылады. Мәселен, біздің оңтүстікте ауа-райы өте жылы. Сондықтан адамдардың мінезі де, сөз сөйлеуі де жұмсақ келеді. Осы себепті біз "жарапазан" демейміз, "жарамазан" дейміз", - деп сөзін бастады Майра Ормолдаева.

Осы орайда этнограф жарапазанның әуені мен сөзін өзгертіп айтып жүргендер туралы сөз қозғады.

"Әрбір орындаушы жарапазан жырының мән мағынасын, оның қызметін түсінсе екен.

Қазір жарапазан жырын айтушылар көп қатеге бой алдырады.

Жарапазан тек 30 күн ораза уақытында айтылатын ғұрыптық тұрмыс салт жыры.

Өте ертеде қалыптасқан жыр. Біз сол жарапазанмен өстік. Қазір заман ағымына, ортаның талабына қарай жырдың мәтіні мен әніне өзгеріс енді.

Соңғы кезде жарапазанды жеңіл, ойнақы, әртүрлі тойда билейтін эстрадалық әндердің әуеніне салып айтып та жүр. Мен оған қарсымын. Бұл — менің жеке пікірім.

Рамазан айы — жылына бір-ақ рет келетін, мың айдан да қадірлі, қастерлі Қадір түні бар ай.

Ал жарапазан үш түрлі бөлімнен тұрады. 

  • Бірінші жартысында келіп тұрған үй иесін мадақтайды, екінші жартысында бұл ораза ұстаудың қадір-қасиеті жайлы айтылады. Ал үшінші жартысында бата беріп аяқтайды.

Рамазан айы — жәннат есігі айқара ашылатын ай дейміз. 30 күн ораза ұстаған адамды төзімділікке, сабырлыққа, ынсапқа және береке-бірлікке шақыратын ай. Жарапазанның мәтіні соны дәріптейтін болу керек.

Ол басқа бір отбасылық мерекелерде айтылмайды. Тек осы Рамазан айында айтылады. Сонымен қатар діни ұстанымымызды, намаздың қадір-қасиетін дәріптеп, ораза ұстаудың адам денсаулығына пайдасын да түсіндіретін мәтін болу керек.

Сонда бұл жырдың тәрбиелік мәні де өте жоғары екенін ұғынар едік. Өкінішке қарай, қазіргі жарапазан жырында мұндай мәтін қолданыла бермейді", - деді ол.

Майра Ормолдаеваның айтуынша, қазір жарапазан айтудағы басты өзгерістің бірі - жырдың күндіз де айтылып жүргені.

"Мәселен, күндіз базарға барсаңыз, мойнына қоржын салып алып, домбыра мен баян тартып, тапа-тал түсте жарапазан айтып жүретін жігіттерді көресіз.

Негізі жарапазанды сәресіге жақындағанда "ораза ұстаған адамдарды ұйықтап қалмасын" деп ояту мақсатында айтатын.

Мәтінде жеңге мен қайын арасындағы қазақи әзіл-қалжыңға құрылған сөздер де болатын. Яғни сол үйдің иесін, ағасын мақтаған сөздер кездеседі. Ал қазір күндіз де айта береді. Бұл дегеніміз — жырдың мән-мағынасын түсінбеу ғой.

Тіпті кішкентай балалар, автобуста айтады. Көлікте келе жатып бағдаршамға тоқтасаң, жол қауіпсіздігін елемей, көліктің жанына келіп айтады. Бұның барлығын ретке келтіруіміз қажет.

Өйткені етек-жеңімізді жинап, тәуелсіздігімізді алып, ел болғанымызға 30 жыл толды. Бұндай маңызды жырдың дұрыс нұсқасын келер ұрпаққа ақ-қарасын айырып жеткізуіміз қажет. Ораза ұстаудың жөн-жоралғысын осы жырдың мәтінінде қолданса, ең әуелі ауыз бекіткен адамдар үшін пайдалы болар еді", - деп ағынан жарылды этнограф.

Сарапшы "егер жыр дұрыс орындалса, табыс табудың әбестігі жоқ" деген пікірде.

"Мәселен үйіме сәресі уақытында келіп, керемет жарапазан айтса, ештеңемді аямай, иығына шапан да жауып жіберер едім.

Мұның байыбына бара алатын адамдардың үйіне барса, ешкім аянып қалмайды.

Егер жөнін, жолын білсе қазірдің өзінде жақсы табыс тауып кетуге болады.

Қазір енді адамдар сәресі уақытында біреудің үйіне баруға ыңғайсызданатын шығар. Ол кісі үйінде болмай қалуы ықтимал деп те ойлайды. Барлығымызда ұялы телефон бар. Сол арқылы өзің барғың келетін "уақытта үй иесі үйде бола ма, жоқ па екенін сұрап біліп алғанда тұрған ештеңе жоқ" деп ойлаймын.

Иә, табыс көзіне айналдырсын, бірақ ізденіп, тарихын біліп, мән-мағынасын түсініп барып айтса екен. Жарапазанды табыс көзіне айналдырған жастар осы жағына көбірек мән берсе деген өтінішім бар", - деді Майра Ормолдаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965457-zarapazannyn-magynasyn-tusinse-eken-etnograf-turmys-salt-zyryndagy-qatelikter-turaly-aitty/