Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ерлан Төлеутай: Оқушылар мен студенттерге діни құлшылық жасауға тыйым салатын заң қабылдайық

Опубликовано:

Фото
Фото: Facebook/Мирас Асан

Ұлттық өнерді дәріптеуші, қоғам белсендісі Ерлан Төлеутайдың Facebook парақшасында жастардың ораза ұстау тақырыбына қатысты жазған жазбасы көптің қызу талқысына түсті. Онда ол мектеп оқушылары мен студентеріне діни құлшылық жасауға тыйым салатын заң қабылдау керектігін жеткізген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ерлан Төлеутай неліктен оқушылардың ораза ұстауына үзілді-кесілді қарсы екенін бірнеше дәйек келтіріп, түсіндіреді.

"Балаларды оразадан арашалаңдар. Ораза ұстағандар емес, оқығандар озады. Бала нанға тоймайды. Əулие Мəшһүр Жүсіп он төрт тоймас бар дейді. Осы он төрт тоймастың бірі – баланы ойынға тоймас деуге болар еді, бірақ аш бала ойнай ала ма? Мəшһүр Жүсіп осыны меңзегендей. Расында балалардың қазір асқа, Мəшһүр Жүсіп атамыз айтқандай нанға тоймайтын кезі емес пе?

Жасы келген асқазаны ас қорытпайтын кəрі кісі яки жегенін əбжыландай асықпай қорытатын жасамыс адамдай емес, жас баланың ағзасы маздап жанып тұрған отты пеш емес пе? Маздап жанып тұрған от сəт сайын отын тілемес пе?! Ал енді осы маздап жанған отқа аз ғана уақыт отын салмай қойсаңыз, лезде сөніп, қоламтаға айналып, шала боп қалмай ма? Баланың да ағзасы осы от сияқты, тамақ ішпеген баланың əл-дəрмені тез таусылады, күш-қуаты жылдам сарқылады", - дейді автор.

Ерлан Төлеутайдың сөзінше, ораза тұту - оң солын таныған, өмірдің ащы-тұщысын татқан, бойындағы күнəсі "таудан биік, тастан қатты" пенделердің ісі.

"Он екіде бір гүлі ашылмаған қыз балалар мен он үшке келіп əлі отау иесі болып үлгермеген жасөспірімдердің ораза ұстап, құлшылық қылатындай не басына күн туды. Көзі қарақты, əсіредіншілдіктен аулақ, діни санадан азат мұғалімдердің пікіріне сүйенсек, кейбір оқушылар оразаны сабақ оқымау, мойнына бір жауапкершілікті алмау, бір жауапкершілікті жүктейін десең, "мен оразамын" деп жеңіл құтылу үшін ұстайтын көрінеді. Осылайша жас ұрпақты өтірікке үйретіп жатқан көрінеміз", - деп қынжылады жазба авторы.

Өнертанушы бұл үрдіс жалғаса берсе, қазақ қоғамы қара жамылған Ауғанстанның күйін кешеді деп болжайды.

Осылайша ой қорытқан Ерлан Төлеутай балаларды діни ағымдардың ықпалынан қорғау үшін әрекетке көшуге шақырған.

"Мемлекет болып, қоғам болып бір қайрат қылатын кез келді. Тым болмаса, кеш қалмай тұрғанда балаларды діни ағымдардың ықпалынан қорғайық, мектептердің діни күштердің аран аузына жұтылып кетпеуі үшін араша түсейік. Мəселен балалар мен жасөспірімдерді 16 жасқа дейін еңбекке тартуға болмайды деген тəп-тəуір заңымыз бар ғой, сол заңның негізінде мектеп оқушылары мен студенттерге діни құлшылықтар жасауға тиым салатын заңдар қабылдайық. Жас өскіндерімізді тəннің де, жанның да нанына тойдырып өсірудің қамын қылайық. Əйтпесе үлкен-кішіміз құлшылық деп жанталасып жүргенімізде жас ұрпақтың жат ағымдардың құлы боп кеткенін сезбей қалатын түріміз бар", - деп жазды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965428-erlan-toleutai-oqusylar-men-studentterge-dini-qulsylyq-zasauga-tyiym-salatyn-zan-qabyldaiyq/

pixel