Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Барлық пән қызық": 56 жастағы петропавлдық студент жайлы не білеміз

Опубликовано:

ер адам
Көрнекі фото: pixabay.com

Петропавл тұрғыны Марат Нығыметов биыл Солтүстік Қазақстан облысы олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледжін аяқтайды. 56 жастағы ер адам 18-19 жастағы бозбалалармен бірге жаттықтырушы-оқытушы мамандығы бойынша білім алуда. Осы орайда ол студенттік өмірдің қызықтары мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды Қазақпарат.

Марат Нығыметовтің сөзінше, білім алуға, жаңа нәрсені үйренуге жас кедергі емес. Тек ынта болса болғаны.

Мәселен, өзі 50 жасқа келгенде қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгеріп, құндылықтарды қайта бағалай бастаған. Тіпті, өмірін жақсы жаққа өзгерткісі келген.

"Қазір мен осыдан 5-6 жыл бұрынғы Маратқа мүлдем ұқсамаймын. Жақында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жекпе-жек жаттықтырушысы болуға шақырды. Алайда мен әзірге онда жұмыс істей алмаймын, себебі, тиісті дипломым жоқ. Сонымен қатар өзіме оқудың да қолымнан келетінін дәлелдемекпін. Кезінде 8-сыныпты бітіргеннен кейін Петропавлдағы теміржол техникумына түстім, бірақ соңғы курста тастап кеттім", - дейді ол.

56 жастағы ер адам ешқашан қиындықтан қашпағанын, қиындықтарды позитивпен қабылдап, жеңуге тырысатынын жеткізді.

"Сондықтан аудиторияға кірдім де, мен сендермен оқимын, жасым 54-те дедім. Жастар жақсы қарсы алды. Әлі күнге дейін кей студенттер таңданысын жасыра алмайды. Жас мұғалімдер, Марат аға, сіздің бұл жерде ішіңіз пыспай ма деп сұрайды. Жоқ, ішім пысқан емес, маған барлығы ұнайды, барлық пән қызықты. Жастардың арасында өзіңізді ыңғайсыз сезінбейсіз бе деп те сұрайды. Мен кез келген ұжымға тез сіңісіп кетемін", - дейді Марат Нығыметов.

Сондай-ақ Марат Нығыметов спорт колледжін таңдауына не себеп болғанын да айтып берді.

"Менің өмірім спортпен тығыз байланысты. Үйіміз дәл стадионның қасында болды, Киров зауытының "Энергия" стадионы, қазіргі "Динамо", яғни менің спортқа қызықпауым мүмкін емес еді. Осылайша 6 жасымда спортқа келдім. Қандай түрімен айналыспадым десеңші, волейбол-баскетбол да ойнадым, доп теуіп, футболға да қатыстым. Бірақ уақыт өте келе жауынгерлік өнерге ден қойдым. Карате-додан қара белбеуім бар, бірінші дан иегерімін. "Годзю-рю-мейбукан" мектебінде тәрбиеленгенмін. Бұдан басқа ағылшын боксын меңгергенмін. Хатка-йогамен айналысамын.

Бір жыл бұрын гір спортымен әуестене бастадым. 16 келі гір тасын бір қолмен көтеруден бастадым, қазір оны 24 келіге жеткіздім, осылайша 50 рет көтере аламын әр қолыммен. Бұл бір жылғы дайындықтың нәтижесі. Ал спорт шебері атану үшін 140 рет көтеру қажет, мен спорт шеберлігіне үміткер атанғым келеді", - дейді Петропавл қаласының тұрғыны.

Марат екі жыл бойы шәкіртақы алып келген. Алайда биыл көп сабақты жіберіп алып, шәкіртақыдан айырылып қалған.

Ер адам көп уақытын спортқа арнайтынын, бұдан бөлек әлеуметтік, экологиялық екі жобамен айналысатынын айта кетті.

"Уақытым жетпей жатады. Бұл оқуды бітіргеннен кейін Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне құжаттарымды тапсырамын. Шәкірт тәрбиесіне бет бұруым мүмкін", - дейді Марат Нығыметов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965979-barlyq-pander-qyzyq-56-zastagy-petropavldyq-student-zaily-ne-bilemiz/

pixel