Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ажырасу да азайған": Соңғы 5 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауыл жайлы не білеміз

Жарияланған күні:

ауыл
Көрнекі фото: pixabay.com

Түркістан облысындағы Алмалы ауылы республикаға тек жақсы жағынан танылып келеді, соңғы 5 жылда елдімекенде бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұған себеп, тұрғындардың ауызбіршілігі мен ауылда ішімдіктің сатылмауы деп, хабарлайды Түркістан облысының әкімдігі ресми сайтында.

Үлігі ауыл Жетісай ауданы, Мақталы ауылдық округіне қарайды. Ауыл әкімі Мейрамбек Қыдырқожаұлының айтуынша, ауылда бүгінде 150 отбасы бар. Шамамен мыңнан астам адам тұрады.

"Олардың барлығы мал ұстайды. Сол кездегі ауыл билері марқұм Елеусін мен Асан ақсақалдарымыз бас болып, ішімдіксіз ауыл болу бастамасын қолға алған болатын. Сол жылдан бастап осы уақытқа дейін ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұған халықтың ауызбіршілігі және қабылдаған тиісті шаралар ықпал еткен.

Ауылда үш дүкен бар, бірақ олардың ешқайсысында алкоголь сатылмайды. Біздің мақсатымыз – жастарға дұрыс бағытта тәрбие беру", - дейді Мейрамбек Қыдырқожаұлы.

Одан бөлек Алмалы ауылында отбасылық кикілжіңдер де азайып, соңғы 2 жылда ажырасу мүлдем тіркелмеген.

"Осындай істерді көптеп насихаттап, өскелең ұрпақтың кемелді болашағына жұмыс істеу біздің азаматтық парызымыз", - дейді Алмалы ауылының қазіргі биі, батагөй Нұржан қария.

Айта кетейік, елімізде осындай үлгі боларлық ауылдар баршылық. Солардың бірі Атырау облысындағы Тайсойған ауылы мен Қызылорда облысындағы Жиделіарық ауылы. Бұл ауылдарда да ішімдік сатылмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966072-azyrasu-zagdailary-da-azaigan-songy-5-zylda-birde-bir-qylmys-tirkelmegen-auyl-zaily-ne-bilemiz/