Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Төрт игі істі көбейтіңдер": Оразаның соңғы он күнінде не істеу керек

Опубликовано:

Оразаның соңғы он күні
Көрнекі сурет: pixabay.com

Бүгін биылғы Рамазан айының соңғы онкүндігі басталды. Қасиетті айдың осы бір бөлігін қалай өткізу керек? Қандай ізгі амалдар жасау қажет? Бұл сұрақтарға бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Бұл он күн – өзіңе есеп беретін, болашағыңа жоспар құратын мүмкіндік. Өткен-кеткен қателіктер көз алдыңнан өткенде Алладан кешірім тілейсің, жоспарыңды Аллаға айтып, көмек сұрайсың. Былтырғы Рамазан мен биылғы Рамазанның қандай айырмашылығы болды? Алламен қарым-қатынаста, адамдармен қарым-қатынаста, мінез-құлықта қандай жетістіктерге жеттіңіз? Өзіңізге сауал қоятын уақыт келді.

Рамазан айындағы соңғы он күн мұсылман қалағаны үшін емес, Алла ардақты еткені үшін ерекше. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы он күнінде құлшылықты көп ететін. Хазреті Айша (оған Алла разы болсын) былай деген: "Хазреті Пайғамбар Рамазанның соңғы он күні кіргенде түнді толығымен ғибадатқа арнайтын. Отбасы мүшелерін оятып, әйелдерден бөлек тұратын".

Тирмизи жеткізген тағы бір хадисте: "(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әдетте Рамазанның соңғы он күнін мешітте құлшылық жасаумен оңаша өткізетін. Бір жылы ол олай жасай алмай қалып, келесі жылы мешітте жиырма күнін құлшылық жасап оңаша өткізген" делінген. Сонымен, Рамазанның соңғы он күні барлық дұға-тілектер қабыл болатын уақыт болғандықтан мына амалдарды жасаған жөн:

– Ізгі амалдар жасауға ниет ету;

– Құран кәрімді толық оқып шығу;

– Уақыттың көп бөлігін құлшылықпен өткізу;

– Мейлінше көп жақсылық жасау, садақаны көбейту;

– Күнделікті ізгі амалдардың санын арттыру.

Ізгі амалдар жасауға ұмтылыңыз

Тура жол әрі жүректерге шипа болған Құран түскен Рамазанның соңғы 10 күнінде Пайғамбарымыздың өзі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ыждағаттылықпен құлшылық қылған. Соңғы он күндікте ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін түгелімен Аллаға құлшылық етуге арнайтын.

Әрине, Алла Елшісінің ғибадаты қай кезде де ерекше ынта мен ықыласқа толы еді. Әйтсе де Рамазан айындағы ғибадаттың аса маңыздылығы үшін, әсіресе соңғы он күндіктің аса қадірлі болуы себепті, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің үмметіне үлгі болды.

Айшадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: "Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаға қайтқанға дейін Рамазанның соңғы ондығында иғтикафта (оңашалануда) отыратын, сосын оның әйелдері Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салғаннан кейін иғтикафқа отыратын болды", – делінеді. Яғни, бірінші қадам – он күнді әлемдердің Раббысына арнауға ниет ету.

Пайғамбардың (с.ғ.с) өмірбаянын қайталаңыз

Рамазанның соңғы он күнінде сіз жасау керек тағы бір ізгі амалдың бірі – Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянын қайталау. Оның Алла жолында көрген қиындықтары мен біздің бақытты өміріміз үшін жасаған ерліктері, құрбандықтары, сахабалардың құлшылықтары сізді өз құлшылығыңызда өсуге итермелейді. Исламның құндылығын онан сайын түсіне бастайсыз.

Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) махаббатыңыз, құрметіңіз арта түседі. Құранға деген құлшынысыңызды оятып, кейбір аяттарды тереңірек түсінетін боласыз. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы бөлігінің түнін құлшылықпен өткізуінің тағы бір себебі: тақ түндерінде Қадір түнін іздеу еді. Себебі: "Қадір түнін шын иман келтірген әрі сауаптан үміттенген халде өткізген пенденің бұрын істелген күнәлары кешіріледі".

Құранмен дос болыңыз

Алла Тағала бұйырады: "Рамазан айы – адамдарға жол көрсетуші, һидаятты түсіндіруші және (хақ пен жалғанды) ажыратушы етіп Құран түсірілген ай. Олай болса, Рамазан айын көргендер оразаларын өтесін…". Хафиз Ибн Ражаб: "Рамазан айында түнгі намаздарды оқығанда, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранды ырғақтап оқитын және мейірім туралы аят оқыса, оны тілейтін, азап туралы аят оқыса, одан Аллаға сиынып, пана сұрайтын. Осылайша ол намаз бен Құранды, дұға мен зікірді бірге жинаған. Бұл Рамазан айының соңғы он түнінде және басқа түндері жасалатын ең жақсы әрі ең кемел іс болып табылады", ‒ дейді.

Құранды аяқтасаңыз дұға жасаңыз. Соңғы 10 күнде Құран оқуды аяқтайсыз. Тіпті, күн сайын мешітке барып жүрген болсаңыз, тарауық намазында имамдардың да Құранды толықтай оқып шыққандығын байқайсыз. Ал адам Құранды оқып болғаннан кейін дұға жасаса, қабыл болады. Отбасы мүшелерімен, жақын адамдарыңызбен бірге дұға жасауға тырысыңыз.

"Рамазанда төрт істі көбейтіңдер"

"Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуі сендерге міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс: "Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ", – деп куәлік ету және көп истиғфар айту, яғни, күнәсі үшін Хақ Тағаладан кешірім сұрау. Істелуі міндетті болған екі амал: Хақ Тағаладан Жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу. Ораза ұстағанға су бергенді Хақ Тағала Қиямет күні менің хауызымнан сусындатады. Кейін ол жәннатқа кіруге дейін шөлдемейді", – деді.

Қадір түнін құлшылықпен қарсы алыңыз

Уақыт – адамның ең баға жетпес байлығы. Оның кейбір мезгілдері Алланың мейірімі, кешірімі және кеңшілігі кемерінен толып таситын маусым саналады. Сол маусымдардың ең берекелісі, әрине қасиетті Рамазан айы екендігінде ешкімнің дауы болмас.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айдың құндылығы мен берекетін ескере отырып, Шағбан айының соңғы күндерінде былай деген екен:

"Ей, мұсылмандар! Ұлы әрі мүбәрак айдың көлеңкесі төбелеріңе жақындап келді. Ол – ішінде "мың айдан да қайырлы Қадір түні" бар ай". Қадыр түнінің ұлылығы мен маңыздылығы, қадірі мен қасиеті жеке бір сүре ретінде арналуы арқылы және Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сансыз көп хадистері арқылы сүйіншіленген.

Қадір түнінің кешіне аман-есен жетіп, құлшылығы мен ықыласы сол түнге сай келген адамның бағы бес елі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966089-tort-igi-isti-kobeitinder-orazanyn-songy-on-kuninde-ne-isteu-kerek/

pixel