Қазақстандықтарға 10 сотық жерді бөліп беруге не кедергі: Сенат спикері жауап берді
Жарияланған күні:
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев палата отырысынан соң журналистердің сауалына жауап беріп, қазақстандықтарға 10 сотық жер бөліп беруге не кедергі екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері қазақстандықтардың 10 сотық жер алуға белсенді түрде өтініш білдіріп жатқанын атап өтті.
Осыған байланысты журналистер Сенат спикерінен тегін жер телімін алуға өтініш берген-бермегенін сұрады.
Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, жер алуға құжат тапсыру немесе мүлде өтініш бермеу әрбір азаматтың құқығы.
"Мен өтініш берген жоқпын. Бірақ бұл біздің азаматтардың құқығы", - деді ол.
Ол Қазақстан көлемі бойынша үлкен мемлекет екенін, жер жеткілікті екенін, бірақ қазір оны бәріне үлестіріп беру мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын атап өткен.
Оның айтуынша, 10 сотық жерге ең алдымен коммуникация тартылуы керек: жол, жарық, су және жақсы канализация болуы тиіс.
"Бүгінгі таңда қалаларымыз бен елдімекендерімізде мұқтаж азаматтардың барлығын тиісті жермен қамтамасыз ету үшін коммуникация жүргізілген бос жер болуы керек.
Коммуникация мәселесі бар, ол туралы депутаттар біледі, мәселе көтереді. Жыл сайын коммуникация құрылысына белгілі мөлшерде қаржы бөлінуде, бұл жұмыстар жалғасын табады.
Сондықтан, біртіндеп, кезең-кезеңімен әкімдіктер, үкімет бұл мәселені шешіп, барлық мүдделі азаматтар жеке тұрғын үй құрылысына қажетті жер телімін алады деп сенеміз", - деп түйіндеді сөзін Сенат спикері.
Еске сала кетсек, Қазақстанның кәмелетке толған әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін мемлекеттен 10 сотық жер телімін алуға өтініш бере алады. Жер телімін алу үшін онлайн түрде кезекке тұруға болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966174-qazaqstandyqtarga-10-sotyq-zerdi-bolip-beruge-ne-kedergi-senat-spikeri-zauap-berdi/