10 сотық жерді алу үшін кезекке енді egov.kz арқылы тұруға болады
Жарияланған күні:
Қазақстанда енді 10 сотық жер алу үшін кезекке egov.kz арқылы тұруға болады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Енді кәмелет жасына толған әрбір қазақстандық үйден шықпай-ақ, 10 сотық жерге eGov.kz арқылы өтінім бере алады, оның жылжу барысын өз бетінше бақылап, жер кезегіне бұдан бұрын берілген өтініштің деректерін өзектендіре алады. Осылайша, әрбір қазақстандық алуы тиіс 10 сотық жерді алу процесі барынша ашық болады.
"Тағы бір жаңашылдық – енді таңдаған аймақтың әкімдігіне бармай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен жер теліміне өтінім беруге болады", – деп түсіндірді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.
Қызметті пайдалану үшін не істеу керек:
eGov.kz порталына кіріп, "Жылжымайтын мүлік" – "Жер қатынастары" бөлімінен "Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру" қызметін таңдау қажет.
Әрі қарай өтініш түрін таңдау керек. Бүгінде порталда өтініштің үш түрі бар:
- кезекке қою;
- деректерді өзектендіру;
- кезектен шығару.
Егер азамат бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алған болса немесе елдімекенде ЖТҚ үшін бос жер телімі болмаса, жер кезегіне өтініш бере алмайды. Бос учаскелерді беру жөніндегі шешімді әкімдіктер қабылдайды. Учаскелер алаңдардың дайын болуына қарай немесе елдімекеннің бас жоспарына сәйкес, бос аумақтар болған жағдайда берілетін болады.
Егер бұрын бір өңірде жер теліміне кезекке тұрған болсаңыз, ал қазір өзге аймақтан жер алуға ниеттенсеңіз, 10 сотыққа кезек реті ертерек келген өңірден жер бір рет қана берілетінін, қалған өтініштердің күші жойылатынын ескеру қажет.
Естеріңізге сала кетейік, бұрын қазақстандықтар ЖТҚ үшін жер учаскесін алу кезегіне тұру үшін жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге жүгінетін. Олар тек өз аймағының жерлерін таңдай алатын. Кезекте тұрғандардың тізімі де тек әкімдіктерде сақталатын.
ҚР Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін (10 сотық жер) тегін алуға құқылы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964027-10-sotyq-zerdi-alu-usin-kezekke-endi-egovkz-arqyly-turuga-bolady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.