Қазақстанда енді әйелін ұрғандар айыппұлмен құтыла алмайды

Опубликовано:

отбасылық жанжал
Көрнекі фото: pixabay.com

Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте енді әйелін ұрғандар айыппұлмен құтылмайтынын ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның мәліметінше, отбасылық тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін қамауға алу мерзімі 3 тәуліктен 5 тәулікке дейін ұзартылған.

"Отбасылық тұрмыстық салада денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу бойынша деректері бойынша санкцияларға қамауға алу баптарын енгізе отырып, айыппұл төлеу сынды тиімсіз жазалау алынып тасталды", - деді Әсет Оспанов. 

Басқарма басшысы соттың тараптарды татуластыру және құқықбұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар беру туралы шешімдер бойынша міндеті кеңейтілгенін сөз етті.

Оның айтуынша, аталған ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілік енгізілген.

"Биылғы көрсеткіштер де өткен жылғы деңгейде қалып отыр. Тіркелген құқықбұзушылық саны жалпы қылмыстың 1-2 пайызын құрайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің жартысынан көбі әйелдер", - деді Әсет Оспанов.

Ол "отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әлеуметтік және экономикалық жағдайлар әсер етеді" деген пікірде.

Әсет Оспановтың сөзінше, жұмыссыздық, ішімдік ішу және бұрыннан келе жатқан ішкі отбасылық мәселелер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа алып келуі мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966190-qazaqstanda-endi-aielin-urgandar-aiyppulmen-qutyla-almaidy/