"Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді": Түркістан облысында жауын салдарынан 5 ауылды су басты
Жарияланған күні:
Түркістан облысының Қазығұрт және Сарыағаш аудандарында жауын-шашын салдарынан елдімекендерді су басты. Жауын-шашын салдарын жою жұмыстары түні бойы жүргізілген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
ТЖД 50 тұрғынның қауіпсіз жерге көшірілгенін мәлімдеді.
Анықталғандай, Қазығұрт ауданында 4 елдімекенді, Сарыағаш ауданында 1 ауылды су шайған. Нақтырақ айтқанда, 53 үйдің ауласына, сонымен бірге 18 үй, 1 мейрамхана мен 16 ғимаратқа су кірген.
Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің мәлімдеуінше, жауын-шашын салдарын жою жұмыстары түні бойы жүргізілген, әлі де жалғасып жатыр.
Төтенше жағдай салдарын жоюға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 56 және жергілікті әкімдіктің 19 қызметкері жұмылдырылған. 15 техника мен 13 мотопомпа тартылған.
"Адам шығыны жоқ, жағдай толық бақылауға алынған. Мал шығыны есептелуде. Жалпы, қауіп-қатер сейілді. Эвакуацияланған 50 тұрғын өз үйлеріне қайтарылды. Жұмыс жалғасып жатыр," – деді департамент басшысы.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Қазығұрт және Сарыағаш ауданындағы жауын-шашын салдарын жою бойынша арнайы комиссия құрылды. Облыс әкімі аппаратының мәжілісінде өңір басшысы елді мекендерді судан тазартып, зардап шеккен тұрғындарға заң аясында көмек көрсетуді тапсырды.
"Қазығұрт пен Сарыағаштағы жағдай бойынша арнайы комиссия құрылып, шығындар объективті есептелуі тиіс. Мал шығыны бойынша Ауыл шаруашылығы басқармасы тиісті шешім қабылдап, заң шеңберінде өз міндеттерін орындасын. Бұл – жергілікті, аудандық деңгейде шешілетін мәселе. Біздің жіті назарымызда тұр," – деді Өмірзақ Шөкеев.
Ескерту: видеода бейәдеп сөздер бар
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966690-turgyndar-qauipsiz-zerge-kosirildi-turkistan-oblysynda-zauyn-saldarynan-5-auyldy-su-basty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.