"Мәйітін өртемек болған": Кореядағы қазақтарға көмек қорын ашқан азамат тың деректерді бөлісті
Жарияланған күні:
Оңтүстік Корея мемлекетіне жұмыс іздеп баратын заңсыз еңбек мигранттарының басында ауыртпалық өте көп. Мұндай пікірді KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген "Корея көмек" қайырымдылық қорының жетекшісі Самат Ахметов айтты. Сондай-ақ Самат жат елге нәпақа іздеп барған отандастарымыздың қандай қиыншылыққа ұшырайтынын және қандай тұрмыстық зорлық-зомбылықпен бетпе-бет келетінін де жасырған жоқ.
Соқыршекті алып тастау - 1 миллион 700 мың теңге
"Өзім Оңтүстік Корея мемлекетіне 2017 жылы келдім. Алғашында мені алдап кеткендер көп болды. Сондықтан осы елдің заңын, аздап тілін меңгеріп, өзімнің құқығымды қорғай бастадым. Сол кезде осындай мәселе көптеген отандасымыздың басында да бар екенін ойлап, "Корея көмек" қайырымдылық қорын құрдық.
Қазір біздің жұмыс істеп жатқанымызға бес жыл толды. Осы аралықта қаншама қазақстандыққа қол ұшын создық. Нақтылап айтар болсам, Корея елінде заңсыз жүрген, әртүрлі жарақатпен ауруханаға түскен 68 Қазақстан азаматына бас-көз болдық. Өйткені, мұнда жеке басы сақтандырылмаған науқастарды қабылдамайды.
Оның үстіне, заңсыз еңбек мигранты ретінде қашып-пысып жүрген қазақстандықтар ауруханаға жатудан да қорқады. Өйткені, сол жерге полиция шақырып, оны елге депортациялауы мүмкін. Заңсыз еңбек мигранттарының жеке басы сақтандырылмағасын, оларға ауруханаға жатудың өзі үлкен шығын.
Қарапайым ғана соқыршекті алып тастау Оңтүстік Кореяда 1 миллион 700 мың теңгенің айналасында. Өкінішке қарай, өмірлеріне қауіп төнсе де, миграция бөліміндегілерден қашамын деп, талай опық жеген қандастарымызды көрдім", - дейді Самат Ахметов.
Виза үшін тұрмысқа шығады
"Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады. Оңтүстік Кореяда ақша көп, үнемі бәрі жақсы жағдайда деп ойлаудың өзі қате. Мигранттарға ақшасын бермей, жарақат алып қалса, адам ретінде қарамай, есептен шығарып тастайтын басшылар бар. Осындай мәселемен қаншама отандасымыз хабарласты. Соларды заң жолымен шешуге тырыстық.
Одан бөлек, Корея азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақ қыздары да көп хабарласады. Күйеуінен таяқ жеген, бет-аузы көгерген қаншама қарындасымызды көрдік. Олар кәріс жігіттеріне не үшін тұрмысқа шығады? Әрине, амалдың жоқтығынан. Себебі, кореялық азаматқа тұрмысқа шықса, оларға тұрақты өмір сүруге виза беріледі. Қазақстанға емін-еркін барып алады. Виза алатын басқа амал болмағасын, кәріс жігіттерімен шаңырақ көтеріп жатқан қыздарымыз көп... Бәріне күйе жағудан аулақпын, бірақ күйеуінен зорлық көргендердің барын да жасыра алмаймын", - дейді ол.
Самат Ахметовтің сөзіне сенсек, олар 2019 жылы қайтыс болған бойжеткеннің мәйітін елге қайтару үшін марқұмның жақындарына көмек көрсеткен.
"2019 жылы тараздық бойжеткен қайтыс болды. Ол да кәріс жігітіне тұрмысқа шыққан. Марқұмның туыстары денесін елге қайтару үшін бізден көмек сұрады. Ал күйеуі болса оның мәйітін сол елдің заңына сәйкес өртеп жіберетінін айтқан. Осы істі қолға алып, заң бойынша шешіп, денесін елге салып жібердік. Төлемдерді де күйеуіне жасаттық", - дейді Самат.
Тіркеуде жоқтарды кім іздейді?
Сөз соңында Самат Қазақстан азаматтарын заңсыз жолмен жүрмеуге шақырды.
"Миграциялық полицейлерден қашып, тоңазытқышқа кіріп кеткен, кір жуатын машинаның артына тығылған қандастарымыз бар. Олардың бірі күйіп қалса, енді бірі ауа жетпей, әрең аман қалды. Сондықтан отандастарымызға бәрін заңды жолмен жасау керектігін айтқым келеді.
Төтенше жағдай кезінде не болмақ? Билік басындағылар заңсыз жүргендерді қалай табады? Бұл сұрақтардың жауабы әлі де жоқ. Егер жұмыс визасымен жүрсе, азаматтарымыз елшілікте, Сыртқы істер министрлігінде тіркеуде болады.
Негізі, біз көмек қолын созғанда өтірік айтатындар көп. Олар заңсыз мигрант болса да, бар шындығын жасырмай айтса, біз оларды қорғай аламыз. Алайда көбі өтірік ақпарат береді", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966748-maiitin-ortemek-bolgan-koreyadagy-qazaqtarga-komektesip-zurgen-azamat-olardyn-basyna-qandai-qiyndyqtar-tusetinin-aityp-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.