"Екі жыл сайын қайталанады": Үйлері су астында қалғанын айтқан түркістандықтар жанайқайын жеткізді
Жарияланған күні:
Түркістан облысындағы ауылдар тасқын судың салдарымен күресіп жатыр. Жарты сағат жауған жаңбыр елдімекендерді шайып жібере жаздаған. Әсіресе Қазығұрт ауданындағы жағдай ауыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна дерегінше, толассыз жауған жауыннан жарты сағатта Қазығұрт ауданындағы бірнеше ауылда су деңгейі жарты метрге дейін көтерілген.
Сарапхана ауылының малын бағатын малшының қорасындағы 400 бас қойдың 213-і тұншығып өліпті.
Шығынға батқан шаруа құтқарушыларды шақырғанымен, олар сорғының жоғын айтып көмек көрсетуден бас тартты деп отыр.
"Судың деңгейі көтерілді. Не істерімізді білмегеннен кейін бала-шағамызбен жүгіріп келіп есікті аштық. Болмағаннан кейін жұртты шақырдық, малдың бәрін тартып шығардық. Өлгені өліп, қалды осы жерде. Дуалды бұзғаннан кейін су сол жаққа қарай ақты. Халыққа рақмет, келіп көмектесті. Болмаса мал өзі кететін еді", - деді Қазығұрт ауданының тұрғыны Ғазиза Батырханова.
Телеарна мәліметінше, Қазығұрттың сайлы жерінде орналасқан ауылдарда бұл жағдай екі-үш жыл сайын қайталанатын болған. Жауын екпіні күшті болса, үйлерді су басып, сел суымен күресуге өздері шығады екен.
"Біздің әкімдер не қарап отыр? Осы жағдай әр екі жыл сайын қайталанады. Не қораны, не жертөлені арнайы құрылғымен суын сорғыза алмайды. Бір көмегі жоқ", - деді Қазығұрт ауданының тұрғыны Айша Кененбаева.
Бұған қатысты Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті пікір білдірді.
"Су басқан аумақтардан 50 адам эвакуацияланды. Бүгінгі таңда эвакуацияланғандар тұрғылықты жеріне қайтарылды. Сондай-ақ үй жануарларының шығыны туралы ақпарат келіп түсті. Ол шығын қазір анықталуда", - деді Нұрлан Тұяқов.
Облыс әкімінің тапсырмасымен Қазығұрт және Сарыағаш ауданындағы тасқын салдарын жою бойынша арнайы комиссия құрылған. Өмірзақ Шөкеев елдімекендерді судан тазартып, тұрғындарға көмектесуді тапсырды.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966756-eki-zyl-saiyn-qaitalanady-uileri-su-astynda-qalganyn-aitqan-turkistandyqtar-zanaiqaiyn-zetkizdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.